19 қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді. Талас ауданының бас ғимаратында Құтқарушылар күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды.
Жиынға аудан басшысы Нұрбол Жүнісбеков арнайы қатысып, сала мамандарын мерекемен құттықтады.
«Сіздерді, бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз — Құтқарушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жауапты да қиын мамандықты игеру кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Себебі сала мамандарының өз істерін абыроймен атқаруы құтқарылған адам өмірімен өлшенеді. Қандай қайғылы, қасіретті оқиға болмасын, бар күш-жігерін сала отырып құтқару жұмыстарын жүргізеді деп сенеміз. Баршаңызға ауыр да адал еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», — деді, аудан басшысы.
Салтанатты жиында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, аудан әкімінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен, мәслихат төрағасының Құрмет грамотасымен сонымен қатар, Қаратау қаласының 60 жылдығына арналған мерекелік төсбелгімен марапатталды.
Айта кетейік, Қазақстан Тәуелсіздік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Адамдарды, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарып келді. Бұл қызметтің бір бөлігі полицияға жүктелді. Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді. Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Сол үшін де құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен барынша жарақтандырылуы тиіс.Бүгінде құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады.