Тараз соты 130 адамды алдап кеткен 5 адамға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлады қалалық №2 соттың баспасөз қызметі.
Іс материалына сәйкес, Т. өзінің қылмыстық сыбайластары Д., И., К. және И.-мен бірге алдын ала сөз байласу арқылы жеке тұлғалардың сенімін теріс пайдаланып, олардың атына онлайн тауарлық несие ресімдеп, тауарды қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы алаяқтық әрекет жасаған.
Сотталғандардың қылмыстық әрекеті салдарынан 130 адам жәбір көріп, оларға жалпы 246 млн теңгеден астам сомада материалдық залал келтірілген, — деп жазылған хабарламада.
Сотталғандардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, бейне және өзге де заттай айғақтармен толық және объективті түрде дәлелденді.
Сот Т.-ны кінәлі деп танып, оны қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарында жұмыс істеу құқығынан 5 жылға айыра отырып, 8 жыл мерзімге соттады.
Ал Д., К., және И. 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олар да 5 жыл бойы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарында жұмыс істей алмайды.
Сотталған И. кінәлі деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сот талқылауы барысында келтірілген залал ішінара өтелген. Үкім заңды күшіне енген жоқ.