Жамбыл облысында Біріккен Араб Әмірліктері қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Мемлекеттер арасындағы ірі жобаларды іске асыру туралы келісім бүгін Сенатта мақұлданды. Электр станциясын салу кезінде қуатты жинақтаудың заманауи жүйесі енгізіледі. Бұл жел күшейген уақытта артық өндірілген электр қуатын жинақтап, жүктеме шегіне жеткен сәтте оны желіге жіберуге мүмкіндік береді. Инвесторларға жер учаскесі жалға беріледі. Ал өңірдегі желіге энергияның жаңа көлемін беру үшін 400 шақырымнан астам электр желілері салынады. Жоба аясында шамамен 100 тұрақты және 1000 уақытша жұмыс орнын ашылады. Бұл 1,4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Қазір елімізде қуаты 3 мың МВт-тан асатын 150-ге жуық баламалы энергия көзін өндіретін нысан жұмыс істейді. Олардың көпшілігі жел және күннен қуат алатын станциялар.