Еліміз егемендігін алғалы өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілтіп, кешегі өткен хандар мен билер, батырлар мен шешендер, жыршылар мен жырауларды халыққа танытып, жарыққа шығарып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі де бірегейі – Байзақ ауданы, Темірбек ауылдық округіне қарасты Сарыбарақ ауылының тумасы Қойшығұл Мұстафаұлы Зарлы десек артық айтпағанымыз.
Қазақ радиосындағы «Інжу маржан», «Терме» бағдарламаларын жүргізудің шебері Қойшығұл Мұстафаұлын радиотыңдармандары даусынан жазбай таниды. Радиожурналистика саласындағы ұзақ жылдарғы табанды еңбек оны бүгінгідей абыройлы биіктерге жетелеп келеді.
Туған халқына қылаусыз еңбек етудің үздік үлгісін таныта білген Қойшығұл Зарлыны жерлестері мақтаныш тұтады. Cан қырлы салиқалы азаматтың алыстан естіліп жатқан ізденіс жолындағы табыстары мен жеткен жетістіктерін туған ауыл тұрғындарының бетпе-бет сұхбаттасып тереңірек біле түсуге ниеттенуі құптарлық іс болғанын айта кетейік. Оның шығармашылығына жанкүйер ауыл жұртшылығы арнайы кездесу өткізу ойластырып, оны «Ауылым-алтын бесігім» тақырыбына арнады.
Тәрбиелік мәні зор басқосуға Жамбыл облысы мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, «ЖАҢАРУ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, «Aq jol» газетінің Бас редакторы, облыстық мәслихат депутаты Оралхан Дәуіт, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров, Қоғамдық кеңестің төрағасы Қыдыралы Оралов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есжан Әміров, Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов қатысты.
Темірбек ауылдық округі Билер алқасының төрағасы Аманғазы Халықов кездесу қатысушыларына Қойшығұл Мұстафаұлының өміржолымен таныстырып шықты.
Сондай-ақ, «Жетісу кітапханасы» сериясы бойынша «Інжі-Маржан» хабарының «Шапырашты Наурызбай батыр» туралы кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Одан бөлек Қойшығұл Мұстафаұлы «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы арқылы жарық көрген «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» Дулат ХІ томының 1 және 2 кітабын естелікке сыйға тартты. Елімізге танымал зиялы қауым өкілдерінің Қойшығұл Зарлы туралы пікірлері бейнежазба арқылы көпшілікке ұсынылды.
Ақын-сазгер, сыныптасы Қасқырбай Нарбатыр арнауын оқып берсе, Алмахан Исабаев «Біздің елдің жігіттері», Гүлназ Әлімқұлова Ақан серінің «Майда қоңыр» әнін әуелете шырқап, көрерменнің ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, Қазақ радиосының айтаманы атанған Қойшығұлға көрсетілген ізет пен құрмет легі ешбір толастамады. Облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев құрметтеп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты. Темірбек ауылдық округі ардагерлер алқасының төрағасы Елемес Есімов ауылдастары атынан астына ат мінгізді. Қойшығұл Мұстафаұлының нағашысы, бауырлары, жары ретімен сөз алып, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді.
Байзақ ауданы сөз қонған, өлең дарыған киелі өңір десек, Қойшығұл Мұстафаұлындай туған жердің атын шығарып, жүрген тұлғаға көрсетілген құрмет оған деген шынайы сүйіспеншілік деуге болады.
Зарлы Қойшығұл Мұстафаұлы – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық салт-дәстүр академиясының профессоры, халықаралық Ж.Жабаев атындағы сыйлықтың лауреаты. 1956 жылы 10 мамырда Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Темірбек ауылдық округі, Сарыбарақ ауылында дүниеге келген. Алматы Ауыл шаруашылық институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған.
Айта кетейік, ол өзінің Құдай берген қабілетінің арқасында термешілік-жыршылық, әншілік өнерін шыңдап, облыстық, республикалық байқауларда бірнеше рет жүлдегер атанады. 1980-90 жылдар аралығында оның орындаған әндері қазақ радиосының алтын қорында сақталған.
Қойшығұл Зарлы – қазақтың ру-тайпаларын көптомдықтарға жинақтап, жүйелеп, жазуды жүзеге асырып жатқан «Алаш» тарихи зерттеу орталығын құруға белсенді атсалысқан азамат деп сеніммен айта аламыз.