Кезекті аппараттық кеңесте аудандағы тазалық мәселесі қаралды

0 3

Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараевтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес отырысы өтті. Кеңес отырысында аудандағы қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру екі айлығының қорытындысы қаралып, бұл туралы аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәуренбек Мадешов баяндама жасады.

Бөлім басшысының хабарлауынша, наурыз айынан басталған санитарлық тазалау мен абаттандыру іс-шараларының жоспарына сәйкес екі айлық аясында аудан бойынша 8 сенбілік жұмыстары өткен. Екі айлық шеңберінде 2335 дана ағаш көшеттері отырғызылып, 7179 дана тал бұтақтары кесіліп, реттелген. 31 000 шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумақтары тазаланып, 86 кездейсоқ қоқыс орындары жойылған. 31 ескерткіштер аумағына тазарту жұмыстары жүргізіліп, жол бойындағы 3643 бағаналар сырланған. 58 қоғамдық ғимараттардың баскелбеттері және тұрғын үйлердің сырт пішіні, қоршауы ретке келтірілген. 2454 шаршы метр гүлзарлар отырғызылып, 236,6 тонна күл-қоқыс арнайы орынға шығарылған.
Сонымен қатар бөлім басшысы жол бойындағы бағаналарды сырлау жұмыстары бойынша Суханбаев, Ботамойнақ, Түймекент ауылдық округтерінде жоспар 100 пайызға орындалмағанын, елді мекендердегі тазалық жұмыстарын зерделеу барысында бірқатар ауылдық округтерде қоқыс орындары мен мал өлекселері анықталғандығын, бөлім тарапынан “Таза ауыл”, “Таза аула” байқауына ұсынылған жобалардың кемшін тұстарын айтты. Сондай-ақ кейбір елді мекендердің автомобиль жолы бойындағы талдардың түптері әктелмегендігін, тазалықты өрескел бұзғандарға салынған айыппұл мен өндірілген айыппұл мөлшерлеріне екпін салды.
Кеңес жұмысын қорытындылаған аудан әкімі Олжас Елебекұлы көктемгі тазалық, көріктендіру және көгеріштендірудің екі айлығы аясындағы кемшіліктерге жол берген ауыл әкімдерінің жұмысын қатаң сынға алды. Тазалық сақтау бойынша тұрғындар арасында насихат жұмыстарын күшейту, хаттамалық тапсырмаларға немқұрайлы қараған ауыл, ауылдық округ әкімдерін жауапкершілікке тарту, қоршаған ортаны ластаған, заңды бұзған азаматтарға айыппұлдар салу, «Таза Қазақстан» акциясы бойынша ақпараттандыру жұмыстарына зерделеу жүргізіп, ұсыныс беруді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.