Тігін – қолөнердің ең нәзік әрі ең пайдалы түрлерінің бірі. Ал тігіншілікпен кәсіпті ұштастыра білген адам – нағыз шебер. Сондай жанның бірі – өз ісін бала қиялмен бастап, бүгінде шағын шеберхананы басқарып отырған кәсіпкер тігінші Гүлім Балықбаева.
Гүлім тігіншілікке бала кезінен қызыққан. Алғашқы көйлекті қуыршағына тігіп жүрген қыз бүгінде тігін шеберханасының иесі.
« Кәсіби тігінші боламын деген мақсатпен Аспара колледжін « Модельер-Конструктор» мамандығы бойынша тәмамдадым. 3 курста оқып жүрген кезімде Халықаралық Аспара сән фестивалінің аясында Республикалық Сән байқауы өтті. Осы байқауға өзімнің топтамаммен қатысып Бас жүлдені жеңіп алдым. 2014-2020 жылдары тәжірибе алмасу мақсатында үлкен қалаға кетіп, білім іздедім. Осы жылдар аралығында өзім үшін мол тәжірибе жинадым. Біреулер бизнес бастау үшін үлкен қаражат керек деп ойлайды. Бірақ, бұл өз ісін сүйген адамға еш кедергі болмауы керек. Себебі, еңбекпен, адалдықпен, жауапкершілікпен жұмыс істесең, ісің де алға басады.
2021 жылы «Бизнес Бастау» мемлекеттік бағдарламасына қатысып қайтарымсыз грант ұттым. Сол қаражатқа Қаратау қаласынан кішігірім тігін цехін аштым. Өз ісімді бастағалы үздіксіз жұмыс жасап келемін.
Осы күнге дейін Мемлекеттен кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие алып тігін цехін үлкейтіп, керек жабдықтармен толықтырдым» , — дейді кәсіпкер.
Сүйікті ісі бүгінде кәсібіне айналған Гүлімнің қол жеткізген жетістіктері мен табысы да толайым. Ол 2022 жылы облыстық “Киелі Кимешек” атты тігіншілер байқауына қатысып жүлдегер атанса, 2023 жылы өткен облыстық “Үкілі Кәмшәт” тігіншілер байқауының жеңімпазы болды. Тігінші қыз сонымен қатар әртүрлі деңгейдегі көрмелерге қатысып, көпшілікке өз туындыларын ұсынуда. Еліміздегі ауқымды жобалардың бірі “Қазақстанның үздік тауарлары” көрмесіне, “Қызғалдақ мұра”атты фестивалінде де Гүлімнің топтамасы үздіктер қатарында ұсынылды. Ал, 2025 жылы Жамбыл облысының кәсіпкерлері арасында өз саласы бойынша “ЕҢ ҮЗДІК ТІГІН КӘСІБІНІҢ ҮЗДІГІ” номинациясымен марапатталды.
Бүгінде Гүлімнің шеберханасында 4 адам жұмыс жасайды. Олар тек жөндеу жұмыстары емес, сонымен қатар ұлттық нақыштағы көйлектер, тапсырыспен тігілетін заманауи киімдер мен сәнді аксессуарлар да дайындайды. Тұтынушылар базасы тұрақты. Әлеуметтік желі арқылы да тапсырыс берушілер саны артып келеді. Жастар көбіне жеке өлшеммен тіктіргенді, ерекше болуды қалайды. Бұл – тігіншінің шығармашылық мүмкіндігін кеңейтіп, шабыт беретін бағыт.
Ия, тігіншілікті кәсіпке айналдырған жандар – еңбекқорлық пен шығармашылықтың жарқын үлгісі. Гүлім Ауданалықызы сынды тігінші кәсіпкерлер – заманауи бизнестің де, ұлттық мұраның да жалғастырушысы.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.