Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында «Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария саласын жетілдіру қажет. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзіреттер нақты бөлінуі керек. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс»,-деген еді.
Сол жолы ел Президенті бұл саладағы процестерді толық цифрландыруды, мәлімет жинауды жүйелі, дұрыс жолға қоюды және оны автоматтандыруды, маман даярлау ісін жетілдіруді тапсырды. Иә, ауылшаруашылығындағы маңызды саланың бірі-мал шаруашылығы.
Бүгінде бұл сала халықты түрлі тағам өнімдерімен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз етіп отырғаны сөзсіз. Ал малдың әртүрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандарының қызметі ерекше екені айтпаса да түсінікті. Ауданымызда да ветеринария саласын дамыту, ветеринариялық нысандарға басымдық беру — маңыздылығын жоғалтқан жоқ.
Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков ауылдық округтердегі ветеринариялық нысандарды аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Ветеринария бөлімінің берген мәліметі бойынша ауданда барлық ветеринариялық пункт жұмыс істеп тұр. Ағымдағы жылы ауылдық округтердегі ветеринариялық нысандарды жаңарту мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, 5 ауылдық округте (Байқадам, Игілік, Жаңаталап, Тоғызкент, Жайылма) ветеринариялық нысандар кешенді болып салынады. Ветеринариялық пункт, мал емдеу орны және мал тоғыту алаңы қатар салынады деп күтілуде.
Нысандарды аралау барысында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков анықталған кемшіліктерді қалыпқа келтіру бойынша жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар беріп, құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме басшыларына барлық жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.