Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы белсенді түрде жалғасып келеді. 2025 жылдың 1 қазанында облыс жастары, волонтерлер, студенттердің қатысуымен «Таза Қазақстан – таза аймақ» тақырыбында конференция ұйымдастырылды.
Конференцияның басты мақсаты – өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқылау, табиғатты тиімді пайдалану жолдарын қарастыру және жастарды табиғатты аялауға баулу болды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл акция еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында ұйымдастырылып, әрбір азаматты табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырады», – деді «Байтақ» жасылдар партиясы Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы И.Мурзахметов.
Сондай-ақ, Шу ауданының Төле би ауылында «Қалдықтарды бөліп таста» тақырыбында қоқыстан жасалған бұйымдардан экологиялық көрме ұйымдастырылды. Мұндай көрмелер тұрғындардың қоқысты дұрыс бөліп жинау, қайта өңдеу мәдениетін арттыруға ықпал етеді және балалар мен жастардың экологиялық сана-сезімін дамытады.
Жамбыл облысында тұрғындардың тазалық мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі арқылы телеграм-ботпен өтінім беру мүмкіндігі бар. 2025 жыл басынан бері платформа арқылы 470 өтінім түскен. Телеграм-ботқа түскен өтінімдердің басым көпшілігі аумақтарды күл-қоқыстан тазалауға қатысты болса, бірнеше өтінім көшелерге асфальт төсеу, жолдарды тазалауға бағытталған.
Жалпы, 2025 жылы «Таза Қазақстан» акциясына 109,4 мың адам және 1,8 мың кәсіпорын мен мекеме қатысты. Іс-шара аясында келесі жұмыстар атқарылды:
• 56 тарихи-мәдени ескерткіштерді тазалау,
• 100,5 мың тұрғын үй аулаларын ретке келтіру,
• 3,1 шақырым көше жолдарын тазалау,
• 858,8 шақырым арық жүйелері мен каналдарды жөндеу,
• 81,6 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумақтарын тазалау,
• Барлығы 12,1 мың тонна күл-қоқыс шығарылды.
Осы шаралардың барлығы Жамбыл облысында қоршаған ортаны қорғауға, тұрғындарды табиғатты аялауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. «Таза Қазақстан» акциясы – тек қоқыс жинау науқаны ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілікті арттыру, қоғамның табиғатқа деген көзқарасын түбегейлі жақсартуға ықпал ететін жүйелі бастама болып отыр.