Өңдеу өнеркәсібіне басымдық берілуде

0 1

Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шамамен 200 кәсіпорын жұмыс істейді. Негізгі бағыт – ет пен сүт өндірісі. Бүгінде 44 кәсіпорын етті, 26 кәсіпорын сүтті терең өңдеумен айналысады. Бұдан бөлек, 8 кәсіпорын астықты, 2 кәсіпорын мақсарыны, 1 кәсіпорын күнбағысты өңдейді. Облыста 62 наубайхана бар, олардың 44-і қала мен аудан орталықтарында орналасқан.
Сондай-ақ өңірде жүн мен тері өңдейтін 2, қант қызылшасын өңдейтін 2, құс етін өндіретін 4, жұмыртқа шығаратын 1, макарон өнімдерін өндіретін 8 кәсіпорын бар. Бұл кәсіпорындарда 2,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, сүт өңдейтін 26 кәсіпорын сегіз айда 53,1 мың тонна өнім өңдеген. Кәсіпорындардың жүктелімі – 82%. Осы мерзімде 1221 тонна сары май, 881 тонна ірімшік, 11,8 мың тонна сүт пен кілегей, 3,3 мың тонна өзге өнімдер өндірілген.
Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40%-ы мал шаруашылығына тиесілі. Қазіргі таңда ірі қара – 462,4 мың, қой – 3263,3 мың, жылқы – 189,9 мың, құс – 1901,5 мың басты құрайды. Сегіз айда 75,1 мың тонна ет өндіріліп, көрсеткіш 4,8% артқан. Экспортқа 1615 тонна ет және 340 тонна шұжық өнімі жөнелтілген. Өнімдер Қырғызстан, Катар, Кувейт, БАӘ, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран және Германияға экспортталған.
Облыста қуаттылығы жоғары 9 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Ірі өңдеу кәсіпорындары – «Меркі ет комбинаты» және «Первомайские деликатесы». Сондай-ақ «Медет» және «Олжа» шаруа қожалықтарының бордақылау алаңдары бар. Барлық санаттағы шаруашылықтар жыл басынан бері 130,8 мың тонна сүт өндірген.
«Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 8 млрд, жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, 15 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде «Момбек», «Азнур Агро», «Нұрлыжай», «Қайсар» шаруа қожалықтары бар.
Құс етін өндіруде «Әулие-ата Феникс» және «Алель Агро» кәсіпорындары жетекші орын алады. Олардың қуаттылығы – жылына 26 мың тонна ет, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25% көп.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, облыста өңдеу өнеркәсібін дамыту жалғасуда. Биыл өндірілген ет көлемінің 19,5 мың тоннасы қайта өңделген, кәсіпорындардың жүктемесі 33,7% болған. Астық өңдеу көлемі 13 мың тоннаға жетіп, былтырғыдан 2 есе артқан.
2025–2027 жылдары 365 млрд теңгеге 37 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1695 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Биыл жалпы құны 25,2 млрд теңге болатын 15 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 4 жоба – сүт фермалары, 6 жоба – көкөніс сақтау қоймалары, 3 жоба – қайта өңдеу бағытында («Rich Gold», «Кемер Агро», «Нұрлы жай»).
Бұл жобалар жылдық сүт өндірісін 15 мың тоннаға, қойма сыйымдылығын 10%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде маусымаралық бағаны тұрақтандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Биыл 11 млрд теңге қарастырылып, оның 3 млрд теңгесі 7 жобаға бағытталған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.