Әскердегі заң мен тәртіп

0 97

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында Қордай ауданы бойынша шекара басқармасында мерзімді әскери қызметшілермен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Гвардейск гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Расул Ризабекұлы, прокуратура органдарының ардагері Ольга Деда және Ауған соғысының ардагері Таласбек Терликбаев қатысты.

«Сарбазға прокурорлық кеңес» республикалық акциясы аясында өткен жиынның негізгі мақсаты – «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидатын ілгерілету, әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, әскери тәртіпті нығайту және жас сарбаздар арасында патриоттық тәрбиені күшейту болды. Мұндай кездесулер әскери ортада заң талаптарын түсіндіруге, сарбаздардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қызметтік міндеттерін дұрыс орындауына ықпал етеді.

Кездесу барысында әскери прокурор сарбаздарға әскери қызмет кезінде кездесуі мүмкін құқықтық жағдайлар, олардың құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты түсіндірме берді. Ол заңнаманы білу мен оны қатаң сақтау – әрбір әскери қызметшінің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар сарбаздардың көкейінде жүрген сұрақтарға нақты жауап беріп, өмірлік және қызметтік мысалдар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұндай ашық диалог сарбаздардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың өз қызметіне деген сенімін нығайта түсті.

Іс-шара аясында қатысушылар әскери бөлімдегі қару-жарақ түрлері мен әскери техниканың жай-күйімен де танысты. Бұл сарбаздардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, кәсіби даярлық деңгейін тереңірек сезінуіне және болашақ әскери маман ретінде қалыптасуына оң әсер етті.

Ардагерлер де жас сарбаздарға ақыл-кеңестерін айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ольга Деда әскери қызметтегі заң мен тәртіптің маңызын ерекше атап өтіп, әрбір сарбаздың құқықтық сауатты болуы – қызметтегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізі екенін жеткізді. Ал Ауған соғысының ардагері Таласбек Терликбаев жастарды табандылыққа, жауапкершілікке және елге адал қызмет етуге шақырып, әскери өмірдің жауапкершілігі мен маңызын өмірлік тәжірибесі арқылы түсіндірді.

Шара барысында сарбаздар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан тұшымды жауаптар алды. Бұл олардың әскери қызметке деген көзқарасын кеңейтіп, құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етті. Ашық форматтағы кездесу жас сарбаздардың бойында патриоттық рухты күшейтіп, әскери тәртіпті сақтаудың маңызын тереңірек ұғындыруға мүмкіндік берді.

Шара соңында қызмет барысында белсенділік танытқан бірқатар сарбазға Бас әскери прокурор, әділет генерал-майоры Дастан Секеновтің Алғыс хаты табысталды. Бұл марапат олардың қызметке деген ынтасын арттырып, әскери тәртіп пен патриоттық рухты нығайтуға оң әсерін тигізді.

Аталған кездесу сарбаздардың құқықтық сауаттылығын арттыруға  әскери тәртіпті күшейтуге және отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара ретінде бағаланды. Мұндай кездесулер әскери қызметшілердің кәсіби дамуына ғана емес, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.
Осындай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, сарбаздардың жан-жақты дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Мұндай бастамалар әскери ұжымдағы өзара сенім мен ынтымақтастықты  одан әрі нығайта түседі.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.