Ақсақалдар бата беріп жарысты

0 2
Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында «Атадан аманат-ұрпаққа ұлағат» атты аудандық аталар байқауы өтті. Аудандық билер кеңесінің және Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы шығармашылық бөлімінің басшысы Бекзат Сейдалиеваның ұйымдастыруындағы шара «Отбасы күніне» орайластырылды. Байқауда қала мен ауылдық округтерден келген қариялар бата беруден сынға түсті.
Бабадан балаға жұғысып, сақталып, бүгінге жеткен рухани құндылықтарымыздың бірі-бата. Аталарымыз тегінде аузы дуалы, елге танымал тұлғалардың батасымен сусындап өсті, өнегелі өсиет тұтқан. Алайда, кейінгі уақыттары басқосуда, жиын-тойда алдын тосқан көпке бата беруден тосылатын аға буын өкілдерін де ұшырататынымыз бар. Бұл жеке адамға ғана емес, жалпы ұлтқа сын. Бата-тілеулестіктің, адал ниеттің бір түрі. Соған сәйкес, тағылымды дәстүр ұрпақ тәрбиесінде де маңызды орын алады. Жалпы алғанда көргені көп, айтары бар қариялар арасында бата беру байқауы осы мақсатта ұйымдастырылып отыр.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы батаның ұлт пен ұрпақ өміріндегі маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл жолғы батагөйлер бәсекесінде 11 қатысушы бақ сынады. Байқау өзін таныстыру, салт-дәстүрге байланысты баталар, елге белгілі тұлғалардың берген баталары және салт-дәстүрге қатысты сұрақтар сынды кезеңдерді қамтыды. Осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған сайыстың бастапқыдай емес, бірізділенгені, жүйеге түскені байқалды. Көп алдына шыққан қатысушылардың өздерін сахнада ұстау мәдениеті, ұлттық қиімге мән беру, баталарды таңдаудағы жоғары талғамы тыңдаушыларды тәнті етті. Бірінің берген батасын бірі қайталаған жоқ, керісінше көптің құлағына бұрын соңды шалынбаған тың баталар ұсынылды. Арасында байқауға шырай қосып, түрлендірген көріністер де орын алды. Мәселен, Үшарал ауылынан келген Батылхан Ақпанбетов жүрекжарды жырын оқып берсе, Тамды ауылының қариясы Қанатбек Құралбаев көрерменнің бірін арнайы сахнаға шақырып, ақ батасын берді. Қатысушылардың үлкені, 85 жастағы тыл ардагері Түзелбек Рақышевтың өсиетті сөздері де көптің жүрегіне жетті. Мұның барлығы байқауға қазылық жасаған аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлының, ауданның Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Данагүл Молдабаеваның, аудандық дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Қонақбай Қалжановтың, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қамысбай Сауқымовтың, аудандық орталық кітапхананың диоректоры Шынар Жұмабекованың назарынан тыс қалған жоқ.
Үздіктерді марапаттау рәсімінде Сәулембай Әбсадықұлы алдағы уақытта шешендік сөздерден байқау ұйымдастыру жоспарда бар екендігін алға тартып, бұл жолғы бата беру жарысына өз бағасын берді.
Аудандық аталар байқауының қорытындысы бойынша Бас жүлде Ойық ауылының қариясы Рақымжан Түкебаевқа бұйырса, 1-орынды Ақкөлдік Асқар Құлсереков иеленді. Ал, 2-орынға Тамды ауылының батагөйі Қанатбек Құралбаев лайық деп танылса, Қаратау қаласының қариясы, ардагер ұстаз Серік Әбдібеков 3-орынды түйіндеді.
Үздік деп танылған және байқауға қатысқан қарияларға ұйымдас­тырушылар тарапынан диломдар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Leave A Reply

Your email address will not be published.