31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай қаламыздағы «Даңқ» монументінде гүл қою рәсімі өтті.
Шараға аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ахан Шортанбай, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мекеме және бөлім қызметкерлері қатысты. Митинг саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған қаралы кезеңдердің бірі – саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдары. Халқымыздың тарихында мерейі үстем болған дәуірлермен қатар, «тар жол, тайғақ кешу» кезеңдері де аз болған жоқ. Сол ауыр жылдардың зардабын ұмытпау және жазықсыз құрбан болған жандардың рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы.
1925 жылы Қазақстанға басшылыққа келген Филипп Голощекин «Кіші Қазан» саясатын жүзеге асыруға кірісті. Соның салдарынан қазақтың ұлттық зиялы қауымы жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, көптеген азаматтарға жалған айып тағылды. Ел болашағы үшін қызмет еткен тұлғалар атылып, түрмеге қамалды немесе жер аударылды.
Ал «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен жүргізілген күштеп ұжымдастыру саясаты миллиондаған малдың қырылуына әкеліп, алапат ашаршылықты туғызды. Соның салдарынан халық жаппай босқынға айналып, миллиондаған адам аштықтың құрбаны болды. Бұл нәубет қазақ халқының демографиялық және рухани дамуына орасан зор зиянын тигізді.
Аштық пен жаппай қуғын-сүргіннің зардабы Сарысу өңірін де айналып өткен жоқ. Саяси қуғын-сүргін құрбандары қатарында Сарысу ауданынан шыққан Әшір Бүркітбаев, Жанайдар Сәдуақасов, Бәкен Серікбаев, Дінмұхамед Әділов сынды қоғам қайраткерлері де болды. Оларға негізсіз айып тағылып, көпшілігі қуғындалып, қамауға алынды, кейбірі түрмеде көз жұмды.
Ашаршылық жылдары аудан халқы да ауыр зардап шегіп, жұрт жан сауғалап басқа өңірлерге көшіп кетуге мәжбүр болды. Талай шаңырақ шайқалып, талай отбасы қайғы-қасіретке душар болды. Бұл тарихи зұлматтың ізі халық жадында мәңгі сақталады.
Шара барысында жиналған қауым тарихтың қасіретті беттерін еске алып, репрессия және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ Құран бағышталып, елдің амандығы мен бірлігі үшін дұға жасалды.
Бүгінде бейбіт өмір сүріп отырған ұрпақ үшін өткен тарихты ұмытпау, ұлт зиялыларының рухына құрмет көрсету және олардың ерлікке толы өмір жолын кейінгі буынға насихаттау – маңызды міндет. Ұлт тағдыры жолында құрбан болған Алаш арыстары мен жазықсыз жапа шеккен азаматтардың есімі халық жадында мәңгі сақталады.