ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жамбыл облысының медицина қауымдастығымен кеңес өткізді

0 39
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жамбыл облысының медицина қауымдастығымен кеңес өткізді.
Кеңесті ашқан Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда елімізде 813 денсаулық сақтау нысаны салынса, оның 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылған. Жамбыл облысында жоба шеңберінде жоспарланған алғашқы медициналық-санитарлық көмектің барлық 30 нысаны пайдалануға берілді.
Сонымен қатар өңірдегі денсаулық сақтау саласында бірқатар өзекті мәселелердің бар екені айтылды. Атап айтқанда, 2026 жылдың алғашқы төрт айында облыста ана өлімінің 3 жағдайы тіркелген. Осыған байланысты министр жүкті әйелдерді бақылау, пациенттерді бағыттау және медициналық көмектің сапасын арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Кеңесте онкологиялық ауруларды ерте анықтау, скринингтермен қамту, туберкулездің алдын алу, вакцинация, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері де қаралды.
Ақмарал Әлназарова медициналық көмектің сапасына ішкі бақылауды күшейтіп, клиникалық стандарттардың сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою қажеттігін бақылауға алуды тапсырды.
Жамбыл облысындағы медициналық көмекті ұйымдастырудың өзекті мәселелері туралы ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Асель Кидиралиева баяндама жасап, бірқатар медициналық ұйымдарда анықталған кемшіліктер мен медициналық қызмет сапасына қатысты тұрғындардан келіп түскен шағымдарға жүргізілген талдау нәтижелерін таныстырды.
Баяндамашы пациенттердің құқықтарын сақтау, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, амбулаториялық және стационарлық қызметтердің тиімділігін күшейту бағытында атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты шаралар қабылдау, ішкі бақылау жүйесін жетілдіру және медициналық ұйымдар басшыларының жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Джусипов Жамбыл облысындағы медициналық көмектің сапасы туралы талдау нәтижесін айтса, «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков «2026–2027 жылдарға арналған дәрілік қамтамасыз ету» тақырыбында баяндама жасап, халықты тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету бағытындағы жоспарлармен таныстырды.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі туралы баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Кеңес барысында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштері сараланып, ана мен бала денсаулығын сақтау, кадрлық әлеуетті нығайту, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің тиімділігін арттыру, медициналық ұйымдарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, пациентке бағдарланған қызмет көрсету қағидаттарын күшейту және халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
Кеңес қорытындысы бойынша өңірдің денсаулық сақтау саласында анықталған проблемалық мәселелерді шешу жөнінде нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.
Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.