Партия қызметінің нәтижелері сараланды

0 33

Қаратау қаласындағы Балалар өнер мектебінде AMANAT партиясы Талас аудандық филиалының XLIX конференциясы өтті. Ауқымды саяси жиынға партия мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, аудандық мәслихат депутаттары, партия белсенділері мен конференция делегаттары қатысты. Конференция барысында партияның есепті кезеңдегі қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы уақытқа арналған басым міндеттер мен даму бағыттары айқындалды.

Конференцияның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе ретінде AMANAT партиясы Талас аудандық филиалының төрағасы Докторбек Мәселбековтің есепті баяндамасы тыңдалды. Өз сөзінде филиал төрағасы партияның есепті кезеңдегі атқарған жұмыстарына жан-жақты тоқталып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында жүзеге асырылған іс-шараларды баяндады.

Докторбек Манатбекұлы партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп түскен өтініштер мен арыз-шағымдардың қаралу барысына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, азаматтардың мәселелерін жедел шешу және халықпен кері байланысты нығайту партия жұмысының басты бағыттарының бірі болып қала береді. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан көтерілген әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамту, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты мәселелердің оң шешімін табуы үшін жүйелі жұмыстар жүргізілгені айтылды.

Баяндама барысында партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері де кеңінен сөз болды. Аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалардың орындалу деңгейі сараланып, қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы міндеттер талқыланды. Сондай-ақ партиялық жобалардың жүзеге асырылуы, қоғамдық қабылдаулардың жұмысы және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар жөнінде нақты мәліметтер ұсынылды.

Филиал төрағасы есепті кезеңде атқарылған жұмыстардың оң нәтижелерін атап өтіп қана қоймай, алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс маңызды міндеттерге де тоқталды. Оның айтуынша, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік мәселелерді шешу, жастар саясатын қолдау және қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Есепті баяндамадан кейін жарыссөзге шыққан Талас аудандық мәслихатының төрағасы Қадірбек Садубаев партияның аудандық филиалы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Ол партияның халықпен тығыз байланыс орнату бағытындағы жұмыстарының нәтижелі екенін атап өтті.

Сонымен қатар «Кітапхана» бастауыш партия ұйымының төрағасы Шынар Жұмабекова мен «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрағасы Шахида Миркурбанова өз ұйымдарының қызметі туралы баяндама жасап, жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті. Олар партияның негізгі мақсаттары мен міндеттерін орындау жолында бастауыш партия ұйымдарының белсенді рөл атқарып отырғанын айтып, аудандық филиал төрағасының есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.

Конференция барысында ұйымдық мәселелер де қаралды. Атап айтқанда, AMANAT партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезекті конференциясына қатысатын делегаттарды сайлау мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Делегаттарды сайлау ашық дауыс беру арқылы өткізіліп, ұсынылған кандидатуралар конференция қатысушылары тарапынан бірауыздан қолдау тапты.

Сонымен бірге AMANAT партиясы Талас аудандық филиалы жанындағы Саяси кеңестің құрамын қайта сайлау мәселесі қаралды. Жиын барысында кеңес құрамына ұсынылған азаматтардың кандидатуралары жан-жақты талқыланып, дауыс беру нәтижесінде жаңа құрам бекітілді. Конференция қатысушылары жаңартылған Саяси кеңестің партияның стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға және ауданның дамуына бағытталған бастамаларды іске асыруға белсенді үлес қосатынына сенім білдірді.

Конференция жұмысы барысында партияның қоғамдағы рөлін күшейту, халықпен байланысты одан әрі нығайту, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел әрекет ету, сондай-ақ партиялық жобалардың тиімділігін арттыру мәселелері де кеңінен талқыланды. Қатысушылар қазіргі кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі ретінде тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мен елдегі реформаларды қолдауға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Жиын соңында күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданып, партия жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған нақты міндеттер белгіленді. Конференция қорытындысында партияның аудандық филиалы алдағы уақытта да халықтың сенімін ақтау жолында белсенді жұмыс жүргізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоса беретіні атап өтілді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.