Қазіргі таңда өскелең ұрпақтың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу, сондай-ақ саналы, жауапты, адал әрі білікті азамат тәрбиелеу мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта еліміздің көптеген білім беру ұйымдарында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Жас кадет», «Жас сақшы», «Прокурордың жас көмекшісі» секілді жобалар жас ұрпақтың құқық қорғау саласына қызығушылығын арттырып, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға үлкен ықпал етуде.
Осындай маңызды бастамаларды қолдайтын Қордай аудандық білім бөліміне қарасты №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында жақында «Прокурордың жас көмекшісі» атты арнайы сынып ашылған болатын. Бұл жоба аясында білім алушылар құқық қорғау органдары қызметінің ерекшеліктерімен танысып қана қоймай, прокуратура органдарының қоғамдағы рөлі мен міндеттерін тереңірек меңгеруге мүмкіндік алуда. Сонымен қатар, оқушылардың құқықтық білімдерін жетілдіруге, әділеттілік пен заң үстемдігі қағидаттарын түсінуге ерекше көңіл бөлінуде.
Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде аптаның сейсенбі күні мектеп қабырғасында Қордай аудандық прокуратурасының өкілі Әсел Ошақбайдың қатысуымен дөңгелек үстел форматындағы тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының бұрынғы Бас Прокуроры, Конституциялық Кеңестің бұрынғы Төрағасы, әділет генерал-лейтенанты Юрий Александрович Хитриннің туғанына 80 жыл толуына орай өткізілді.
Шараның басты мақсаты – оқушыларға Юрий Хитриннің өнегелі өмір жолын кеңінен таныстыру, оның мемлекет пен қоғам алдындағы ерен еңбегін насихаттау, заңдылық пен әділеттіліктің маңызын түсіндіру, сондай-ақ жастардың бойына отансүйгіштік, адалдық, жауапкершілік және құқықтық мәдениет құндылықтарын сіңіру болды.
Кездесу барысында қатысушыларға Юрий Александрович Хитриннің прокуратура органдарындағы қызметтік жолы жан-жақты таныстырылды. Оның құқық қорғау саласындағы көпжылдық еңбегі, тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесін қалыптастыруға қосқан зор үлесі, Бас Прокурор және Конституциялық Кеңестің Төрағасы қызметтеріндегі жетістіктері туралы кең көлемде ақпарат берілді. Сонымен қатар, оның кәсіби біліктілігі, заң талаптарына деген адалдығы, әділдігі мен жоғары адамгершілік қасиеттері ерекше атап өтілді.
Әсел Ошақбай өз сөзінде заң саласында қызмет етудің үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтып, құқық қорғау органдарының қоғамдағы орны мен маңыздылығына тоқталды. Ол жастарды білімге ұмтылуға, заң талаптарын сақтауға және өз елінің дамуына үлес қосатын белсенді азамат болуға шақырды.
Іс-шара барысында оқушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, құқық қорғау саласының ерекшеліктері, прокуратура органдарының қызметі, заңгер мамандығының қыр-сыры туралы қызықты пікір алмасу өтті. Мұндай ашық диалог оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ мамандық таңдаудағы көзқарастарының қалыптасуына да оң әсерін тигізді.
Кездесу соңында жастарға заңды құрметтеу, әділдік қағидаттарын ұстану, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну және білім арқылы биік мақсаттарға жету секілді құндылықтардың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Ұйымдастырылған шара оқушылардың құқықтық білімдерін толықтырып қана қоймай, олардың бойында елге қызмет етуге деген патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған маңызды тәрбиелік іс-шаралардың бірі болды.
Мұндай кездесулер жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда, олардың саналы азамат болып өсуіне ықпал етуде және мемлекетіміздің болашағына бейжай қарамайтын белсенді тұлға тәрбиелеуде ерекше маңызға ие.