Талас ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 5 жоба іске асырылуда

0 49

Талас ауданында тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл тұрғындарының табысын көбейту және шағын бизнесті дамыту мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағытта аудан көлемінде кәсіпкерлерді қолдау мен ынталандыруға, олардың ақпараттық қамтылуын арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Бүгінде Қаратау қаласы мен ауданға қарасты 13 ауылдық округте мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды кеңінен насихаттау, олардың шарттары мен қаржыландыру тетіктерін түсіндіру бойынша тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Кәсіп ашуға немесе кәсібін кеңейтуге ниетті азаматтарға жеңілдетілген несиелеу, мемлекеттік қолдау құралдары және бизнес-жобаларды іске асыру мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілуде.

Аталған жұмыстардың нәтижесінде «Ауыл аманаты» жобасының бес бағыты бойынша «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жалпы құны 84,0 млн теңгені құрайтын 12 жоба ұсынылды. Бүгінгі күнге дейін олардың 5 жобасы мақұлданып, жалпы 35,5 млн теңге көлемінде қаржыландырылды.

Қолдау тапқан жобалардың қатарында Аққұм ауылындағы құны 7,5 млн теңгені құрайтын тігін шеберханасы бар. Сонымен қатар Қаратау қаласында жалпы құны 28 млн теңгені құрайтын төрт жоба іске асырылуда. Олар – пластикалық терезелер өндірісі, сабын өндірісі, кілем тазалау қызметі және фаст-фуд бағыты бойынша кәсіпкерлік жобалар. Бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қызмет көрсету сапасының артуына және аудан экономикасының дамуына оң ықпал етуде.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жалпы құны 876,0 млн теңгені құрайтын 8 ауыл шаруашылығы кооперативінің жобасы қаржыландыруға ұсынылды. Қазіргі таңда Көктал ауылындағы «ARTAZA» ауыл шаруашылығы кооперативі 31,5 млн теңге көлемінде қаржыландырылып, сублимацияланған сүт өнімдерін өндіру жобасын жүзеге асыруда. Сондай-ақ Бостандық ауылындағы «Агрохолдинг Талас» ауыл шаруашылығы кооперативі 31,45 млн теңге көлемінде қаржыландырылып, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу жобасын іске асыруда.

Бұдан бөлек, тағы бес ауыл шаруашылығы кооперативінің құжаттары қаралып, оң шешім қабылданған. Атап айтқанда, С. Шәкіров ауылындағы «Жәрдемші» ауыл шаруашылығы кооперативі, Майтөбе ауылындағы «Үштөбе» кооперативі, Аққұм ауылындағы «Нұрахмет» кооперативі, Ойық ауылындағы «Жандәулет» кооперативі және Ақкөл ауылындағы «Медина» ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландыруға мақұлданды.

Аталған жобалардың әрқайсысының құны 134,6 млн теңгені құрайды. Жобалар аясында ет бағытындағы ұсақ мал шаруашылығын дамыту мақсатында 1200-ден астам қой-ешкі сатып алу, сондай-ақ өндірістік қажеттіліктерге арналған роторлы ұсатқыштар, жем тартқыштар және грануляторлар алу көзделген. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырып, кооперативтердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.

Аудан әкімінің айтуынша, аталған бес кооперативтің құжаттары толық рәсімделіп, оң шешім алынған. Қазіргі уақытта оларды қаржыландыру жұмыстары жүзеге асырылу кезеңінде.

«Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға, халықтың табысын арттыруға және ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бағдарлама. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады», – дейді Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.