Жаңа конституция. жаңа бағыт

0 38

Сарысу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркеновтың төрағалығымен «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын ілгерілету» тақырыбында актив отырысы өтті. Жиынның негізгі мақсаты – Конституциялық реформалардың маңызын кеңінен түсіндіру, жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын халық арасында насихаттау және аудан көлемінде атқарылатын жұмыстардың бағытын айқындау болды. Басқосуда елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың мәні мен маңызы жан-жақты талқыланып, жаңа Конституцияның қоғам өміріндегі рөліне ерекше назар аударылды.

Актив отырысына облыстық мәслихаттың депутаты, зиялы қауым өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандық құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, мекеме және бөлім басшылары, мемлекеттік қызметшілер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиын барысында қатысушылар еліміздегі конституциялық өзгерістердің мемлекет дамуына, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қосатын үлесі жөнінде пікір алмасты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын ілгерілету бойынша аудан көлемінде атқарылатын жұмыстар туралы» баяндама жасады. Ол өз сөзінде жаңа Конституцияны халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында аудан көлемінде ақпараттық-түсіндіру кездесулері, қоғамдық қабылдаулар, дөңгелек үстелдер, семинарлар және түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылатынын атап өтті. Сонымен қатар Конституцияда көрініс тапқан басты өзгерістер мен жаңашылдықтардың маңыздылығына тоқталып, оларды әрбір азаматқа жеткізудің маңызын ерекше атап өтті.

Бұдан кейін аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулетберді Шортанбаев сөз алып, Конституциялық реформалардың еліміздің демократиялық дамуындағы тарихи рөлін жан-жақты баяндады. Ол жаңа саяси өзгерістердің азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, сайлау жүйесін жетілдіруге және қоғамның саяси белсенділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар аудандық билер кеңесінің төрағасы Жандарбек Қалмырза жаңа Конституцияның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтудағы маңызына тоқталды. Ол Ата Заңның қағидаттарын кеңінен насихаттау – әрбір мемлекеттік қызметкердің ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті екенін айтып, тұрғындарды ел болашағына бейжай қарамауға шақырды.

Жиын соңында жаңа Конституцияны насихаттау жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының спикерлеріне «Қазақстан Республикасының Конституциясы» кітабы салтанатты түрде табысталды. Басқосу барысында қатысушылар Конституцияның қоғамдағы рөлін арттыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Актив отырысы өзара пікір алмасу алаңына айналып, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындаумен қорытындыланды.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.