«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 2017 жылдың желтоқсан айында бекітілді.
Бұл цифрлық технологияларды қолдану арқылы еліміздің әрбір азаматының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды кешенді бағдарлама. 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін бес негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізу жоспарланып отыр:
1. Экономика салаларын цифрландыру;
2. Цифрлық мемлекетке көшу;
3. «Цифрлық Жібек Жолын» іске асыру;
4. Адами капиталды дамыту;
5. Инновациялық экожүйені құру.
Көрсетілген бес бағыттың шеңберінде 17 нақты міндет пен 120 жоба қалыптастырылды.
Бірінші бағыт — экономика салаларын цифрландыру бойынша барлық бағыттарда еңбек өнімділігін арттыру жоспарланып отыр. «Цифрлық кеніш» жобасын ерекше атап өтуге болады. Бұл ақпараттық жүйе жабдықтарда орнатылған датчиктер арқылы деректерді жинайды, оңтайлы өндіріс процесін қамтамасыз етеді, реагенттердің жұмсалуын бақылайды, жабдықтардың іркілуін азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ төтенше жағдайларды жылдам анықтап, оларды жояды.
Келесі бір бағыт — цифрлық мемлекетке көшу. Оны жүзеге асыру аясында мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру, қағаз түріндегі құжат айналымын азайту, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын арттыру және «Ақылды қала» технологияларын енгізу көзделген.
Мәселен, «Сергек» жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау жүйесі енгізіліп, жұмыс істеп тұр. Осының арқасында елдегі ЖҚЕ сақтау жағдайы жақсарады деп күтілуде. Егер жүйе құқық бұзушылықты анықтаса, протокол автоматты түрде жасалып, құқық бұзушының мекен-жайына жіберіледі. Сондай-ақ, Қазақстанның шағын қалаларын оперативті басқару орталықтарын құру және басқару жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Яғни, тек ірі әкімшілік орталықтары ғана емес, сонымен қатар моноқалалар да жаңа технологиялармен жабдықталатын болады, бұл қылмыс пен құқық бұзушылық деңгейінің төмендеуіне жол ашады.
Бұдан өзге, байланыс желілері мен АКТ инфрақұрылымының аумағын кеңейту, киберқауіпсіздікті күшейту мәселелерін бағдарламаның үшінші — «Цифрлық Жібек Жолын» іске асыру маңызды бағыты қарастырады. 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейін 1200-ден астам ауылға кең жолақты интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Жалпы, бұл бастамаларға спутниктік байланыс жүйесін жаңғырту, шалғайда орналасқан елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу, сондай-ақ транзиттік әлеуетті және цифрлық теле-, радиохабар тарату желісін арттыру жұмыстары кіреді.
«Адами капиталды дамыту» төртінші бағытының мақсаты — білім беру жүйесін әлемнің үздік тәжірибелеріне сәйкес жаңарту. Орта білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жобаны жүзеге асыру көзделген. Мұнда роботты техника, виртуалды шындық элементтерін, 3D-баспа және т. б. оқу үрдісіне енгізу қарастырылады.
Төртінші бағытта халыққа базалық цифрлық дағдыларды оқыту курстарын өткізу жобасы да маңызды. Мамандарды қайта даярлау республика азаматтарына кәсіби стандарттарға сай келуге және жоғары сұранысқа ие мамандар болуға мүмкіндік береді.
Соңғы бағыт – инновациялық экожүйені құру аясында да нақты міндеттер көрсетілген. Бұл — инновациялық даму алаңдарын қолдау, технологиялық кәсіпкерлікке және стартап-мәдениетке көмек көрсету, венчурлық қаржыландыруды тарту және инновацияға деген сұранысты қалыптастыру. АT-стартаптардың халықаралық технопаркі — Astana Hub-тың құрылуы бұның жарқын мысалы деуге болады. Бұл алаң отандық АТ-мамандары мен стартапшыларға қазірден бастап өз жобаларын әзірлей бастауға мүмкіндік береді деп күтіледі.
Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қабылдаған уақыттан бері бар болғаны екі ай өтті, дегенмен қазақстандықтар қазірдің өзінде елеулі нәтижелерді көріп отыр. Жолда жүру уақытын қысқартуға және оңтайлы маршруттарды таңдауға көмектесетін навигацияның жаңа құралдары пайда болды. Кез келген тауарды табуға көмектесетін мобильді қосымшалар бар.
СҚО-да цифрлық ферма табысты жұмыс істеп тұр, онда компьютер автоматты түрде азық көлемі мен жем беру уақытын есептейді. Ең алдымен, бұл жұмысшыларды қамту шығындарын азайтады, екіншіден — өндіріс тиімділігін арттырады.
Денсаулық сақтау саласында да нәтижелер байқалады. Бүгінде медицина қызметкерлерін компьютерлік техникамен жабдықтау 81,3%-ды құрайды, медициналық мекемелердің 55,6% интернет желісімен қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда елдегі әрбір емделушіге электронды денсаулық паспорты ашылады, ол онлайн режимінде емделушінің бүкіл медициналық тарихын желіде сақтауға мүмкіндік береді. Бар болғаны 2 ай өткеніне қарамастан осы және басқа да нәтижелердің бар екені анық.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыруды ел Үкіметінің басты міндеті деп белгіледі.
Дереккөз: primeminister.kz