Биыл қысқы ХІІ Паралимпиада ойындары Оңтүстік Кореяның Пхенчхан аумағында өтіп жатыр. Ел намысын қорғап, қолдан келген мүмкіндікті пайдаланған атлет Александр Герлиц 20 км қашықтыққа тік тұрып шаңғымен жарыста 4-ші болып келді. Жас спортшының бұл көрсеткіші — Қазақстанның Паралимпиада бағытына қосқан орасан үлесі десек артық болмас… Халқымыз да мұндай батырларды тану керек. Себебі, олардың спорттағы тарихы – мүмкіндігі шектеулі жас буынға серпін берері хақ.
Назарларыңызға ҚР Ұлттық Паралимпиада құрамасының спортшысы Александр Герлицтің жол апатынан кейінгі өмірі туралы үзік сыр ұсынамыз.
Жол апатынан кейін еңбек етпей жатқанымда қиналдым
2011 жылы 21 жасымда жол апатына түстім. Кейін біраз уақыт еңбек ете алмай, үйде отырып қалдым. Денсаулығым жақсарған соң, елгезердей ер адамның жатқаны жарамас деп, жұмыс іздедім. Қатты қиналдым. Оңай табыла қойған жоқ. Қаншама рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жұмыс бар деп шақырғанымен, ешкім жұмысқа алмады. Дегенмен араға біраз уақыт салып, бір күні дүкендерге тауар жеткізетін, тапсырысын қабылдайтын сауда өкілі болып жұмысқа тұрдым. Ол жерде 3 жыл жұмыс істедім. Кейін компания жабылып, тағы жұмыссыз қалдым. Сол кезде өмірді өзгерту керек деген шешім қабылдадым. Себебі отбасын асырауы тиіс ер адамның қол қусырып жатқаны дұрыс емес.
Қолдан айырылу оңай болған жоқ…
Есімде, мектепті тәмамдағаннан кейін болашаққа үлкен жоспар құрып жүрген кезім. Бір күні жол апатына түсіп, бір қолымнан айырылып қалдым. Оңай бола қойған жоқ. Әсіресе, жұмыс таба алмай сандалғанда, өзімді қоярға жер таппайтын кездерім болды. Ішіңде қалауың тасып, бәрін жасағың келеді, бірақ мүмкіндігің шектеліп тұр деген ой мазалай береді. Өз-өзіңмен сөйлесіп, іштей өзіңді жеп қоясың. Күйзеліс те болады. Сол кездері не ойлап, не қойғанымды есіме алғым келмейді. Бірақ адамның өміріндегі жақын жандары үлкен демеу болатынына көзім жетті. Ата-анам, әпкем мен жездем және т.б. жақындарым менің көңілімді аулауға тырысып бақты.
Ата-анам – өмірдегі үлкен сыйым…
Отбасым туралы айтар болсам, ата-анам – қарапайым мұғалімдер. Әкем – дене шынықтыру пәнінің ұстазы. Шынымды айтсам, менің өмірдегі ең үлкен сыйым да – осы жандар. Олар маған бір қолың өз қызметін атқармаса да, жүрегің соғып тұр, яғни өмірің жалғасуда деген түсінікті санама құйды. Өмірде ешкім-ешкімге міндетті емес, сен барлығымен бірдейсің деп жетеледі.
Әр жеңіске жеткен сайын өзімді жігерлендіріп отырдым
Паралимпиадалық спорт бар дегенді естідім де, толығырақ білгім келді. Кейін мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы клуб барын білдім. Ол жерге барғанда қандай спорт түрімен айналысуға болады, менің мүгедектігіме ыңғайлы спорт түрі қандай және тағы басқа көп ақпарат алдым. Бірден спортпен шұғылданамын деген шешім қабылдадым. Содан бері жаттығуымды тоқтатқан емеспін. Әдеттегідей, қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға қатыстым. Әр жеңіске жеткен сайын өзімді жігерлендіріп отырдым. Қолымнан келетініне сендім. Жаттығудың үстіне жаттығу қостым. Осылайша аз уақыт ішінде Паралимпиадаға келгенімді байқамай қалдым…
Кейде ата-аналар мүмкіндігі шектеулі балаларының үйде отыра бергенін қалайды…
Өмірде кейбіреулер дүниеге келгенде мүмкіндігі шектеулі болып туылады, ал кейбіреулері туылғанда толықтай сау болып өмірге келеді де, кейін белгілі бір қайғылы жағдайлардан кейін мүмкіндігі шектеулі болып қалады. Екеуінің психологиясы да екі түрлі. Екіншілеріне мұндай күйге түсу ауыр тиеді.
Тағы айта кетейін, кейде ата-аналар туылғанда мүмкіндігі шектеулі болған баласының үйде отыра бергенін қалайды. Артық уақыт пен қимыл-қозғалысын қимайды. Күнде жаттығуға барғанша, тып-тыныш жылы үйде отыра бергенін ыңғайлы көреді. Сондықтан да елімізде жас параспортшы табу қиын. Бірақ енді біз жай-жай жақсы жетістіктерді көріп келеміз. Егер ата-аналар балаларын спорттық секцияларға берсе, бізде талай чемпиондар шығады. Өйткені, мемлекет жағдай жасап жатыр. Тек өзімізге байланысты.
Жеңіл атлетикадан Қазақстанның 5 дүркін чемпионымын. Германияда өткен әлем чемпионатында 7-орын алдым. Әзірге ең үлкен жетістігім – осы. Ал, кешегі биатлоннан өткен жарыста тағы да 7-орын алдым. Менің халықаралық аренадағы алғашқы тәжірибелерім осындай болғандықтан, менің алда мүмкіндігім мол. Оның үстіне, жаспын. Бар жеңісім алда деп үміттенемін.
Оңай болмайтынын білемін
Иә, чемпион болу оңай емес. Бірақ өзгелер жеткен жерге біз де жете аламыз. Адам өзін жетелемесе, өзін сүйрелемесе, ешкім аузына әкеліп нан салмайды. Біз қиналсақ өзгені кінәлаудан арылып, өзімізді жетілдіруіміз керек. Қандай қиын жағдай болмасын, уақыт — емші. Осыны ұмытпау керек. Сол кішкене уақыт шыдап, әрі қарай тік тұрып жүру керек.
Дереккөз: baq.kz