Шу өңірінде көктемгі дала жұмыстары кешеуілдеп басталды. Оған басты себеп ауа-райының қолайсыздығы. Соған қарамастан жергілікті дихандар жоспарлы межені дер кезінде орындап, жоғары өнім алып, қамбаларын мол астыққа толтырамыз деседі. Бұл туралы «Zhambylnews» АА хабарлайды Jambyl телеарнасының ресми сайтына сілтеме жасап.
Ауданда 137 760 гектар жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлер болса, оның 27 316 суармалы да, қалғаны тәлімді егістік аумақ. 14 100 гектарға – күздік бидай себілген, ал 17 965 – көпжылдық шөп, 30 мыңына сүр айдалған. Алдағы уақытта 75 мың гектар игерілсе, ауданның егістік жерлері толықтай қамтылатын болады.
«Жауын-шашыннан біраз қиындықтар туғызғаны рас. Соған сай кеш жүріп жатыр. Дегенмен біз барлық шаруаны жоспарлы уақытқа дейін аяқтаймыз», — дейді Шу ауданы әкімінің орынбасары Алихан Балқыбеков.
Тұқым оң шешімін тауып, техника да сақадай сайланған. Жанар-жағармайға 2145 тонна дизель отыны бөлінді. Аграрлық кредиттік корпорация тиісті жұмыстарды несиелендіру үшін «Шу несие серіктестігіне» 37 млн.теңге бөліп отыр.