Биылғы «Жеңіс күні» мерекесін жаңғыртылған «Жеңіс» саябағында атап өту жоспарланып отыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Жамбыл арнасына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта, «Жеңіс» саябағында қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Саябақ орналасқан Ілияс Жансүгіров көшесіне тағы бір жолақ қосылып, жолдары кеңейтілген. Құрылыстың бас мердігері — «Жасыл Ел Тараз» ЖШС, одан бөлек тағы 4 құрылыс компаниясы жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта, саябақтың кіре берісіне ені 13, биіктігі 8 метрді құрайтын екі қақпа тұрғызылып жатыр. Ал оның қасына «Мәңгілік алау» мен «Б.Момышұлы» ескерткіштері орналастырылады.
Мердігерлер саябақтағы құрылыс жұмыстарын 1-мамырда аяқтап, 9- мамырға дейін толық дайындауға ниетті.
Мұндағы жөндеу жұмыстары мерекеден кейін де жалғасын табады. Одан соң, қаладағы Қайрат Рысқұлбеков саябағы мен Атшабар аллеясының айналасы жөнделеді. Сонымен қатар, Қонаев пен Қазыбек би көшесінің аралығында орналасқан Үшбұлақ каналының аумағы абаттандырылады. Ол жерге жағажай салу ісі қолға алынбақшы.