Бұл сұраққа жауап берудің алдында географиялық, танымдық, əр елдегі немесе өңірдегі менталитетті назарда ұстауымыз қажет секілді.
Осыдан біраз бұрын əлемнің əр өңіріндегі көп оқылатын жанрлар жайлы жазылған мақаланы көзім шалып қалды. Ол ақпараттың қазір де көп өзгере қоймағаны анық. Мысалға, АҚШ халқы соңғы жылдары əйелдерге арналған романдарды қалдырмай оқиды екен. Одан кейін бұл тізімде балалар мен жасөспірімдерге арналған ертегі мен танымдық романдар, фэнтези, бизнес және құқықтық əдебиеттер, комикстер, трэш, қазіргі заман мистикасы, стимпанк, танымал жəне жетістікке жеткен адамдардың биографиялық кітаптары орналасқан. Бұл қатарда детективтің жоқ болмауы бізді таңғалдырды.
Нон-фикшннен бөлек əдеби жанрлардың бұл жерде аз болуын Америка халқының өзіндік ерекшелігімен түсіндіруге болатын шығар.
Америкалықтарға тəн дүниетаным мен «америкалық арманға» дейін бұл тізімге өзгеріс əкелгенін көре аламыз. Əйел теңдігі, кәсіпке құмарлық, əлеуметтік қатынастарды түсінуге және өз құқықтарын білуге ұмтылу осы өңірдегі кітап нарығына əсер етеді.
Ал Еуропаның кітапсүйер қауымы «классикалық» детективке деген құмарын əлі баса алмай келеді. Бұған ХХ ғасырдағы британиялық детективтің əсері мол болғаны анық. Еуропада шыңына шыққан бұл жанрды бүкіл əлем оқиды. Одан кейінгі орындарда балалар кітабы, мистика, сентиментальді махаббат романдары, танымдық-ғылыми кітаптар, қазіргі заман Еуропа романы (детектив, мистика, эротика, параноя, дадаизм мен эпатаж элементтері бар роман), тарихи романдар, манга мен комикстер, аспаздыққа баулу кітаптары орналасқан. Бұл жерден де еуропалықтарға тəн дүниетанымның, попса мəдениетінің, жыныстық теңдік, өзін тұлға ретінде қалыптастыруға тырысу секілді Батыс халқына тəн менталитетті көре аламыз. Бұл жерде біз нақты əдеби көркем шығарма тұрғысынан қарағанда, нон-фикшннен бөлек, екі өңірден де фэнтези, детектив, мистика, заманауи романдардың халық сұранысына ие екенін білуге болады.
Детектив жоғарыда айтқанымыздай, ХХ ғасырдағы британиялық детективтен бастап халық жүрегінен орын алған. Қазіргі күні бұл жанрда жазылған романдар мен түсірілген фильмдерді санап тауыса алмайсың. Детектив қай кезде де ескірмек емес. Біріншіден, детектив қылмысты зерттейтін, тергеудің тəсілдері арқылы оқиға құрайтын жанр. Ал тергеу ісі де жыл санап өзгереді, дамиды, күрделене түседі. Оқиға логикасы, із кесушінің интеллекті, оқиға желісі, тергеу тəсілдері де жаңарып, оқырманды шым-шытырықта ұстап отырады. Екіншіден, детективті көбіне бұрынғы агенттер мен полиция қызметкерлері, криминалистер жазады. Үшіншіден, оқиға соңына дейін оқырманның өзі де «қылмыскерді» бірге іздеп, жауабын алуға тырысады. Бұл кітап сүйер қауым үшін интеллектуалдық ойын секілді əсер береді. Күнделікті қайталана беретін өмірден шаршаған адамдар үшін бұл кейіпкерлер бірге өмір сүріп, қиялын жетілдіріп, тіпті логикасын жаттықтыруға таптырмайтын кітап.
Фэнтези мен фантастиканың танымалдылығын қалай түсіндіруге болады? Бұл жерде нақты өмірден қашу бар. Яғни бұл өмірде болуы мүмкін емес нəрселердің бар болуы да адамды қиялдауға жетелейді. Тағы сол жоғарыда айтып өткен жұмыс пен үйдің ортасында жүрген адамдардың қиялдауға деген ынтасын айта кеткеніміз жөн. Ал өздігінен қиялға беріле алмайтын адам кітаптағы, кинодағы қиялға еріп, өмірден бір сəтке болса да қашуға мүмкіндік алады.
Дереккөз: Еgemen.kz