Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті халықаралық Сократ жүлдесіне ие болды

0 10

Лондонда халықаралық Сократ жүлдесін ресми түрде табыстау рәсімі өтті.

Оксфорд академиялық кеңесі Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетін әлемнің үздік оқу орындарының бірі деп таныды.

Ғалымжан Қараманұлы, Тwitter @baiimbet:

«Халықаралық Сократ комитеті іскерлік, ғылым мен шығармашыл қауымдастықтың үздік өкілдерін беделді еуропалық жүлделермен жыл сайын марапаттайды. Негізгі шара Ұлыбритания директорлары институтының басты Корольдік резиденциясында өтті».

Үздік компаниялар мен ғылыми-ағартушылық мекемелер Еуропа, Азия, Африка және Америка елдерінен келіп қатысты. Шараға шақырту алғандар қатарында Оксфордтық академиялық кеңесінің әріптестері, яғни әлемнің озық оқу орындарының ректорлары және бизнес-қауымдастықтың беделді өкілдері бар. Марапаттау шаралары аясында пікірталастар мен таныстырылымдар ұйымдастырылып, оларға қазақстандықтар белсене қатысты.

Джон Нетинг, ұйымдастырушы:

«Біз мұндай жиындарға қазақстандық бизнес және академиялық қауымдастық мүшелерін шақыруға әрдайым қуаныштымыз. Бүгінгі кеш те оларсыз өтпеді. Біз үшін қазақстандық өкілдермен кездесу – үлкен мәртебе».

Еліміздің атынан шараға қатысу құрметіне Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті ие болды. Білім мекемесі әскери білім беру жүйесінің көшбасшысы саналады. «Білім беру саласы» аталымы бойынша оларға «Үздік университет» атағы мен жүлдесі беріліп, ал оның басшысы, генерал-майор Асхат Рыспаев «Жылдың үздік менеджері» төсбелгісіне ие болды.

Асхат Рыспаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің басшысы:

«Бұл жүлде біздің ұжымға да, маған да үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Біз білім беру саласында және шетелдік әріптестікті дамыту бойынша одан әрі нәтижелі жұмыс істейтін боламыз».

Жүлдегерлер қатарында «Inter Press Shymkent» халықаралық тіл орталығы да болып, олар арнайы сыйлықпен марапатталды.

Ардақжан Жакенова, «Inter Press Shymkent» халықаралық тіл орталығының директоры:

«Ағылшын тілінен сабақ беретін шымкенттік мұғалімдердің еңбегінің бағаланғанына өте қуаныштымыз және бұл – жақсылықтың нышаны».

Үміткерлерді таңдау барысында Халықаралық номинациялық комитет білім берудің қолжетімділігін, білім беру қызметінің сапасы сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құрамның кәсібилігі, техникалық жасақталу деңгейі, сондай-ақ халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысуы сынды көрсеткіштер бойынша бағалаған. Сократ жүлдесінен жігерленген қазақстандықтардың күш-қуаты артып, енді олар жаңа белестерді бағындыруға ынталанып отыр.

Дереккөз: 24kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.