Жамбыл облысында Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралінің Күйік асуындағы бөлігі аса қауіпті. Бұл туралы «Zhambylnews» АА хабарлайды 24.kz ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазір бұл жолмен жүк көліктерінің қозғалуына шектеу қойылған. Ал бұл көліктер тақтайдай тегіс жаңа жол тұрса да, тозығы жеткен ескі сүрлеумен жүруге мәжбүр. Жүргізушілердің айтуынша, асудан өтетін халықаралық автодәліздің осы тұсы дұрыс салынбаған.
Әсет Смайлов жүк тасмалдаумен ұзақ жылдан бері айналысады. Әсіресе Шымкент-Тараз бағытында жиі жүреді. Оның айтуынша, Күйік асуының еңістігін тым биік етіп салып қойған. Соның кесірінен ескі жолмен сағаттап жүруге мәжбүр екен.
Әсет Смайылов, көлік жүргізушісі:
— О баста салған адамдар не ойлап салды жолды? Сол енді уклонын, подъемын қауіпсіздікті ойлап сөйтіп барып салмай ма сол жолды. Қазір техника жетеді. Халықаралық жолды халықаралық машина жүргізбейтін қылып салып қояды. Жүрісіміз мынау. 10 минутта түсіп кететін жерді бір сағат жүреміз. Мына жер қазір жерде жауын жоқ. Құрғақ боп онша білінбей жатыр. Мынау шұқырлар тұр. Кеше жауын болған кезде машиналар осы жерде тығылып жаттық. Қашан машина келіп сүйреп шығарады, қашан трос табылады дедік. Міне жолдың жағдайы мынау.
Жүргізушілер миллиардтаған қаражатқа төселген жолдың қауіпсіздігі жобалау кезінде дұрыс есептелмеген деп санайды. Халықаралық талаптарға сай салынған жол тұрса да, қазір жүк көліктері мына жолмен жүреді. Жол деп айтуға келсе әрине. Бұл ескі асумен қазір ел ішіндегі көліктер де, шетелдіктер де қатынап жатыр.
Қайрат Бейсенбаев, көлік жүргізушісі:
— Мына жолмен жүруге рұқсат жоқ. Мына жердің өзінде бұрыла алмайды машиналар. Қиналып жатады. Мына жаққа шығып ана жақпен айналып кеп салып жатады. Оны анау жерден гаишниктер тығылып тұрады да анау жерден кірдің, мынау жерден кірдің деп, кінәрат тағады. Бізге мына жолдың өзі 2 сағат үш сағаттай түседі. Өте жәйлап түсеміз. Бірге салып аламыз да. Анау қиядан зорға түсеміз.
Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің 11 шақырымы Күйік асуымен өтеді. Бірінші санатты жол. 4 жолақты. Барлық қауіпсіздік шаралары қарастырылып төселген. Бірақ 8 тоннадан ауыр салмақты көліктерге бұл жермен түсуге мүлдем тыйым салынған. Ал көтерілуге тек күн жылығанда ғана рұқсат етіледі.
Николай Со, облыстық әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясының бөлім басшысы:
— Арнайы мониторинг жүргізілді. Анализ 547-557 шақырымы өте қауіпті екендігін көрсетті. Мұнда 20-ға жуық жол апаты тіркеліп, 18 адам қаза тауып, 68 адам зардап шекті. Көп жағдайда жүк көліктерінің тежегіштері істен шығады. Алдын алу мақсатында осындай белгілер қойылды.
Әсет Смайылов, көлік жүргізушісі:
— Ғасырына бір рет салынатын жол. Бұл колхозаралық жол емес. Болмаса бір 5 жылдан кейін ауысып салынатын жол емес. Ғасырына бір салынатын жол. Халықаралық жолда халықаралық машинеге жүруге рұқсат жоқ. Сонда осы жолды салған кісілер не ойлап салды? Осыны қабылдаған адамдар нені қабылдады?
Жолды күтіп баптауға жауапты мекеме «жобалау жұмыстары Қазақстан Республикасының құрылыс нормаларына сәйкес жасалған» деп отыр.
Дәурен Төлтаев, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:
— Қабылдау жағына келсек. Сол жаңағы мемлекеттік комиссия құрылып, дер кезінде сол жұмыстың біткеніне қарай уақытысында берілген. Жүк көліктері қандай жолмен жүріп жатқанын білесіз бе? Қазіргі жағдай енді былай жөндеуді қажет етеді. Сол себепті біз қазіргі смета жұмыстарын есептеп осы ағымдағы жылы толық ескі күйік автожолын 11 шақырым жолын орташа жөндеу жұмыстарын толық өткізуді жоспарланып отыр.
Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің 495 шақырымы Әулие ата өңірімен өтеді. Қазір бұл жолмен қатынайтын көлік нөпірі уақыт өткен сайын артып келеді. Бүгінде тәулігіне 7500 көлікке дейін жеткен. Сондықтан бұл жердің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін жолдар жөндеуді қажет етеді. Жауапты мекеме өкілінің айтуынша, қазір дайындық жүріп жатқан көрінеді. Орташа жөндеу жұмыстарына 290 миллион теңге бөлініп қойыпты.