Халықаралық стандартқа сай кешен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Бақытты бала» жобасы аясында салынып жатыр, — деп хабарлайды «Zhmbylnews» АА 24.kz ресми сайтына сілтеме жасап.
Одан бөлек биыл облыстық тарихи өлкетану музейінің құрылысы аяқталады. Жалпы өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша құны 6 млрд теңге болатын 614 жоба іске асқан.
Лагерь аумағындағы оқу корпусының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биылғы оқу жылына дайын болады. Лагерьде үздік оқушылар, олимпиада жеңімпаздары, қоғамдық шаралардың белсенділері сабақтан қол үзбей-ақ 21 күн демалады. Кешендегі жатын корпустары киіз үй үлгісінде салынады. Ойын-сауық бағдарламаларына арналған бөлек ғимарат болады.
Қайрат Жангелдинов, лагерь бастығы:
— Түрлі мерекелік, ойын-сауық шаралары өтетін орталық «Жастар сарайы» деп аталады. Бұл ғимараттың құрылысы аяқталып қалды. Қазір лагерь аумағындағы ойын және спорт алаңдарын тазалау, саябақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Лагерь халықаралық талаптарға сай салынады. Жобалық құны 800 млн теңге болатын мектеп толықтай заманауи қондырғылармен жабдықталады. Алғашқы жылдары тек өз еліміздің оқушыларына жолдама берілсе, болашақта көрші мемлекеттерден де балалар келеді. Кешен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қызмет көрсетеді.
Вячеслав Бублий, құрылыс компаниясының өкілі:
— Оқу корпусы екіқабатты болады. Қазір бірінші қабаттың кірпішін қалап жатырмыз. Онан соң инженерлік коммуникациялық желілер жүргіземіз. Қыркүйек айына дейін шатырын жауып, пайдалануға береміз.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы өңірге тың серпін әкелді. Бағдарлама аясында «Бақытты бала» жобасы жасалып, 8 бағыт бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Облыстағы мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін және балаларға арналған түрлі нысандар салу үшін 4 млрд теңге қаржы жұмсалады.
Бұлбұл Елеусінова, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:
— Былтырғы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерді. Олар – шығармашылық академиясы, Жұбановтар үйі, Жекпе-жек сарайы, Өнер орталығы. Бүгінгі күні осы әлеуметтік нысандардың барлығы өз қызметі аясында халыққа жан-жақты сапалы қызмет көрсетіп отыр. Мысалы, шығармашылық академиясын алатын болсақ, академия базасында 5 мың бала әртүрлі үйірмеге, 10 үйірме ашылып, сонда жан-жақты білім және тәрбие алып отыр.
Игі істер биыл да жалғасады. Атап айтқанда, облыстық тарихи өлкетану музейінің құрылысы аяқталады. Ал Ойыл ауданында тары фестивалін ұйымдастыру жоспарда бар. «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасы аясында қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи ескерткіштер зерттеледі.