Дүйсенбі күні ЮНЕСКО-ның Парижегі штаб-пәтерінде Халықаралық Түркі академиясының «Мәдени мұра мен өзгешеліктің жаңғыруы: түркі тілі өткеннен болашаққа» атты халықаралық форумы өтті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
20-дан астам мемлекеттің қоғам қайраткерлері, ғалым-сарапшылары және дипломаттары қатысқан бұл жиында «Түркі жазба ескерткіштері», «Түркі тілдерінің таралуы» тақырыптарында баяндама оқылды.
«Президенттің (Қазақстан Республикасының — ред.) «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы барша түркі әлемінің кең қолдауына ие болды. Ондағы ұлттық код, ана тілі және қасиетті орындар түсініктері тұтас түркі әлемінің ортақ құндылықтары», — деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
Оның айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұзақ уақыт құпия болып келген азиялық руна жазулары (VIII ғасырдағы Күлтегін жазбалары секілді) зерттеліп жатыр.
Сонымен бірге, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) 2018 жылды Мағжан Жұмабаев пен Шыңғыс Айтматовтың жылы деп жариялаған болатын. Қос тұлғаның да шығармалары түркі халықтарына ортақ құндылық болып саналады. Одан бөлек, халықаралық форумда араб графикасындағы башқұрт жазуы, қарлұқ тілінің жоғалуы, алтай, тыва, ғағауыз, қарайым тілдерін дамыту мәселелері талқыланды.
Дархан Қыдыәлінің айтуынша, түркі әлемінің тарихына, тіліне, түркі мәдениеті мен әдебиетіне ғылыми зерттеу жүргізуге көмек көрсететін Халықаралық Түркі академиясы «Қазақстанның 100 жаңа есімін» негізге ала отырып, «Түркі әлемінің 100 жаңа есімін» анықтайды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген барлық бағыттар түркі әлеміне ортақ. Прагматизм мен ғылымға мән беру — түркі әлемі үшін нағыз үлгі», — деп атап өтті Д. Қыдырәлі.
Халықаралық шара қорытындысы бойынша, қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын мақұлдап, қазақ тілінің латын графикасына өтуі арқылы түркі халықтарының бір-біріне жақындай түсетінін баса айтты.