Қазақстанда ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға 200 түлек өтініш берді

0 1

Қазақстанда осы жылы тұңғыш рет Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға рұқсат берілетін болды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, — деп хабарлайды  «Zhambylnews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 167 орталықта, атап айтқанда ЖОО базасында 48, колледжер арасында 3, мектептер базасында 116 орында өткізілмек.

«2018 жылы ҰБТ 15-ші рет өткізіледі. 2004 жылдан бастап, 14 жылдың ішінде оған 1 миллион 600 мың адам қатысқан. Жылдар өте келе тестілеу жүргізу технологиясы үнемі жетілдіріліп отыратындығын атап айтқымыз келеді», — деді Асхат Аймағамбетов.

ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерді қабылдау осы жылдың 10 наурызынан 10 мамырына дейін жүзеге асырылады. Тестілеу ағымдағы жылдың 20 маусымынан 1 шілдесіне дейін өтеді. ҰБТ 5 пән бойынша жүргізіледі: 3 міндетті және таңдалған мамандығына сәйкес, 2 профильді пән.

«Ең бастысы біздің айтқымыз келетіні — биыл формат өзгермейді. Бірақ, қалай болса да кейбір жаңашылдықтар бар. Ең біріншіден, бұл — ағылшын тілі мәселесі. Бізге алдыңғы жылдан бастап өте көп өтініш келіп түсті. Сондықтан, биыл ағылшын тілінде ҰБТ-ны тапсыруға мүмкіндік беріп отырмыз. Жалпы, ҰБТ өткізу үшін тесттер бүгінгі күні дайын. Бір апта бұрын 200-ге тарта түлек ағылшын тілінде тапсырамын деп өтініш берген болатын. Әрине, бұл көрсеткіш күннен күнге өзгереді. Әлі де мұндай өтініштер болады деп ойлаймыз», — деді Асхат Аймағамбетов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.