Былтыр тараздық донорлар 4 мыңнан астам адамды ажалдан аман алып қалған

0 6

Таразда донорлардың арқасында былтыр 4 мыңнан аса адам ажалдан аман қалды. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлдайды 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның мыңнан көбі – бала. Кең пейілді, ақжүрек жандар Дүниежүзілік донорлар күніне орай марапатталды. Қалада мотошеру ұйымдастырылып, жастар флешмоб өткізді.

Регина Анарбекова донорларға алғыс білдіруге арнайы келген. Бірнеше жыл бұрын оның баласы өлім аузынан қалды. Кенеттен сәбиі науқастанып, ауыр халде ауруханаға түседі. Дәрігерлердің тексерісінен кейін нәрестенің қан құрамы бұзылғандығы анықталып, шұғыл ауыстыру керек болады. Шарасыз күйді бастан өткізген ана «донор болудың маңыздылығын сол кезде түсіндім» дейді.

Регина Анарбекова, Тараз қаласының тұрғыны:

– Дәрігерлер баланың аман қалуына 10 пайыз ғана мүмкіндік бар деген. Өте қиын жағдай. Дәрігерлер мен донорлардың арқасында балам аман жүр. Қазір 5 жасқа толды. Балабақшаға барады. Алғысым шексіз. Қазір өзім де тұрақты донор болдым. Мен тапсырған қан біреудің өмірін сақтап қалуға септігін тигізер деген ниетпен.

Ал Пернебек Шонаевтың игі іске бет бұрғанына 20 жылға жуықтапты. Ол бүгінгі күнге дейін 20 литрдей қан тапсырған.

«Қанның бұл мөлшері шамамен 70-ке жуық адамның өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді», – дейді мамандар.

Пернебек Шонаев, Тараз қаласының тұрғыны

– Жедел жәрдемде істеп жүргеннен кейін неше түрлі жағдайларды көресің. Қан жоғалтқан адамдарды да көріп жатырмыз. Солардың қан жоғалтып, барлығын көргеннен кейін ба өзім сол қан тапсыруды ұйғардым. Кейде бір мәрте, кейде үш мәртеден тапсырған кездер болды. Қатты науқастар, ағайын туысқандар кейде сұраған кезде де тапсырасың. Былай өздігімнен келіп тапсырамын.

Өңірде өткен жылдан бері 15 мыңнан астам адам қан тапсырған. Оның 5 мыңы – тұрақты донор. Ал биыл қаңтар айынан бері 4300-дей қан компоненттері дайындалды. Қазір мекемеде қан обырына ұшыраған науқастарға қажетті тромбоконцентраттарды дайындауға аса көңіл бөлініп отыр. Медицина қызметкерлерінің айтуларынша, облыста қан тапшылығы жоқ.

Ғұлам Омаров, облыстық қан орталығының директоры:

– Бізде 32 денсаулық сақтау мекемесі бар. Олардың өздерінде қоры болады. Керек болғанда біз оны жеткізіп береміз. Қазіргі таңда 100 пайыз бәрін қамтамасыз етеміз.

Жалпы әлемдік зерттеулерге сәйкес әр мың адамға 25 донордан келуі тиіс. Ал біздің елімізде бұл 17 адамды құрайды. Жақсы көрсеткіш болғанымен жеткіліксіз. Ұйымдастырылған шара тұрғындарды сауабы мол іске тартып, донорлар қатарын арттыруға бағытталған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.