Тараз қаласы қоғамдық кеңестің мүшелері жергілікті полиция қызметінің учаскелік пунктінің жұмысын ұйымдастыруға және оған жауапты учаскелік полиция инспекторларының жұмысына мониторинг жүргізген, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА.
Аталған тексеру барысында пунктердің орналасқан мекен – жайы, онда жұмыс істейтін қызметкерлердің аты – жөні туралы ақпарат дер кезінде берілмей, мониторингті жүйелі жүргізуге біршама кедергі келтірген.
Қоғамдық кеңестің 18 тірек пунктінде жүргізген тексерулер кезінде бірде – бір тірек пунктерінің мекен – жайын көрсететін бағыт – бағдар мен жұмыс режимін көрсететін тақтайшалар халық көретін жерге ілінбеген; жұмыс істеу режимі орындалмаған, реттік номері жазылған тақтайшалар өте жоғары ілінген. Тірек пунктердің басым бөлігінде ұзақ мерзім бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, едендері тозған, есік, терезелері ескірген, жиһаздары ескі, сынық.
Айта кететін жайт, №4 тірек пунктінің бүгінгі таңда үй – жайы болмағандықтан, азаматтарды қабылдауды жүзеге асыруға қандай – да бір шешім қабылдауға жағдай жасалмаған. Ал, ең сорақысы 13 – мөлтек ауданынының учаскелік инспекторы полиция капитаны Д. Тасыбаевтың ЖПҚ – бастығының бекітілген жұмыс жоспары жазылған журналы ұқыпсыз жүргізілген, оның беттерінде түсініксіз цифрлар сызу, шималау жолдарымен өшірілген.