Мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі мол

0 5

Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет. Мемлекеттік қызмет жолын таңдаған азамат әрбір ісіне аса зор жауапкершілікпен қарағаны жөн-ақ. Сәл нәрседен мүлт кетсе, ол оның абыройы мен атқарған жұмысына сын болары анық. Иә,  еліміздің ертеңі бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің  адамдық парасаты мен ар-ұждан және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, «Біздің міндет-халыққа қызмет» — деп Елбасы белгілеп берген  ұран аясында  елге деген адалдықтың ақ туын абыроймен ұстану-баршамызға ортақ міндет екені хақ.

Жалпы, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне сәйкес қызмет атқаруы – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.  Дегенмен, кейбір мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексі талаптарының бұзылуына жол береді.

Мемлекеттік қызмет реформасы аясында мемлекеттік тәртіпті нығайту бөлігінде айтарлықтай өзгерістер болды. Атап айтқанда, биыл ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқалы органы болып табылатын Әдеп жөніндегі кеңес жұмыс істей бастады.

Әдеп жөніндегі кеңеске сыбайлас   жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шаралар әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу сияқты міндеттер жүктелген.

Осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру ауданда аудан әкімі аппаратының басшысы, Жуалы ауданы әкімі аппараты бойынша әдеп жөніндегі уәкілі Серік Қойбақовқа жүктелген. Серік Дүйсенбайұлы тоқсан сайын аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері мен бас мамандарын жинап, «Мемлекеттік қызметшінің әдебі және мінез-құлық нормалары» бойынша жиын өткізіп, Әдеп кодексіндегі нұсқаулықтармен таныстырып, бағыт-бағдар беріп отырады.

Нұсқаулықта мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытында және жұмыстан тыс уақыттағы негізгі мінез-құлық қағидалары қарастырылған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің парасаттылық мәдениетін қалыптастырудың негізгі аспектілері көрсетілген. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайлары туындаған сәтте өзінің құқықтарын қалай қорғауға, қайда жүгінуге болатындығы жөнінде мәліметтер берілген. Қорыта айтқанда, әрбір мемлекеттік қызметкер қызметіне адал болуға, әдептілік нормаларын қатаң сақтауға тиіс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.