Синоптиктер 21-23 шілде күндерінің ауа райы болжамын ұсынды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA «Қазгидромет» РМК-ке сілтеме жасап.
«Қазақстанның солтүстік-шығыс және шығыс облыстарына жоғарғы циклон жылжып, осы аймақтарда жексенбі және дүйсенбі күндері жаңбыр жауып, кей жерлерге бұршақ түседі. Күшті жел соғып, ауа температурасы төмендейді», — делінген хабарламада.
Осы циклон республиканың солтүстік, орталық, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарындағы ауа райына ықпал етеді.
«Мұнда кей жерлерде найзағай ойнап, бұршақ түседі. Өткінші жаңбыр жауып, жылдамдығы 15…23 м/с болатын жел соғуы мүмкін. Ауа температурасы солтүстікте және орталықта әдеттегіден 2…3 градусқа төмен болады. Сондай-ақ, республиканың оңтүстік-шығыс және батыс бөлігінде аптап ыстық басылады», — делінген хабарламада.