Танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің мезгілсіз қазасына байланысты Қазақстанның бірқатар ойын-сауық орталықтары мен телеарналары көңіл көтеру шараларын тоқтатты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алдағы үш күнде MEGA ойын-сауық орталығының барлық қаладағы филиалдары көңіл көтеру шараларын өткізбейді.
«Құрметті қонақтар, республика бойынша MEGA сауда, ойын-сауық орталығы желілерінде жұма, сенбі, жексенбі (20, 21, 22 шілде) күндеріне жоспарланған барлық көңіл көтеру шаралары тоқтатылады», — деп хабарлады MEGA сауда, ойын-сауық орталығының баспасөз қызметі әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ, Алматыдағы Esentai Mall сауда орталығының әкімшілігі 21 шілдеге жоспарланған концертті өткізбеуді ұйғарған.
«Денис Теннің жақындары мен туыстарына және тұтас әлемдегі фанаттарына қайғыра көңіл айтамыз. Қайғылы оқиғаға байланысты, Esentai Mall сауда орталығының әкімшілігі 21 шілдеге жоспарланған Esentai MusicFestival концертін өткізбеу туралы шешім қабылдады», — деп хабарлады орталық.
Сондай-ақ, Қазақстандағы көңіл көтеру телеарналары Денис Теннің қазасына байланысты түрлі-түсті хабар таратудан бас тартты.
«Денис Теннің мезгілсіз өмірден озуына байланысты бүгін және ертең Gakku, Той Думан арнасының эфирі қара-ақ нұсқада көрсетіледі. Ал, Gakku FM, Love Radio және Дача FM-де барлық ойын-сауық бағдарламалар эфирге шықпайтын болады. Көрермендеріміз бен тыңдармандарымыз бұл жағдайға түсіністікпен қарайды деген ойдамыз», — деп хабарлады Гәкку музыкалық телеарнасы.
Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.
2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.
Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.