Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізуді тапсырды. Жалпы құрылыс саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып беруін аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қайнар Беделбековтен сұраған едік.
— Қайнар Молдаханұлы, бөлімнің атқаратын қызметі мен міндеті туралы айтсаңыз?
— Бөлімнің міндеттері — сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру. Аудандағы елді мекендердің әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымының қалыптастырылуын қамтамасыз ету. Көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою мен оларды жүзеге асыру. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының дерекқорына енгізу үшін белгіленген тәртіппен ақпарат пен мәліметтер беру. Аумақта жоспарланып отырған құрылыс салу, не өзге де қала құрылысының өзгерістері туралы халыққа хабарлап отыру.
— Жалпы биылғы жылға дейінгі өз салаңыз бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып берсеңіз?
— Биылғы жылға дейін атқарылған жұмыстар аз емес. Солардың ішінде, жалпы сметалық құны 488 035,0 мың теңгені құрайтын Қызыларық ауылындағы 150 оқушыға арналған орта мектеп құрылысы бойынша 2016 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу конкурсына беріліп, 2017 жылдың қаңтар айында Тараз қаласында тіркелген «Даража» ЖШС жеңімпаз болып анықталып, аталған бөліммен жалпы сомасы — 473 370,563 мың теңгеге келісімшартқа отырды. 2017 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге 288 035,0 мың теңге қаржы бөлініп, сәуір айында құрылыс жұмыстары басталды. Нысан өтпелі болғандықтан, 2018 жылға 189 802,0 мың теңге қарастырылып, нысан ағымдағы жылдың шілде айында қабылданады деп күтілуде.
Бүгінгі күнге дейін жер жұмыстары, іргетасы, электрлі әуе желісі, сыртқы жарықтандыру, сыртқы су және газ құбырын жүргізу жұмыстары мен шаруашылық ғимараттары аяқталды.
Қазіргі таңда ішкі сылағы, сыртқы кәріз жүйесі мен жылу жүйесі, ауласын қоршау, қазандық жұмыстары жүргізіліп, нысан бойынша 283 567,0 мың қаржы игерілді. Сондай-ақ, құрылыс алаңында 32 жұмысшы, бір дана шынжыр табанды кран, бір дана дөңгелек табанды кран, бір дана фронталды жүк тиегіш, бір дана МТЗ-82 көтергіші, екі дана ұзын өлшемді КамАЗ техникалары жұмыс атқаруда.
Жұмыстардың сапасы мен жобаға сәйкес орындалуы бөлім мен «Технадзор — 2015» ЖШС қызметкерлері жоба авторы — «ГАПП» ЖШС жоба инженері арқылы тұрақты бақылануда.
Нұрлыкент ауылындағы 30 орындық дәрігерлік амбулатория құрылысына 105 979,0 мың теңге бөлініп, Жамбыл облысы әкімдігінің кұрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырыс беруімен «АСАУ Инвест» ЖШС арқылы құрылыс-монтаж жұмыстары сәуір айында басталып, ҚР Конституциясы күніне орай ашылып, ресми түрде пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Қарасаз ауылындағы 30 орындық дәрігерлік амбулатория кұрылысына 109 000,0 мың теңге бөлініп, Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырыс беруімен «ЕР-Сән-Тау» ЖШС арқылы құрылыс жұмыстары сәуір айында басталып, нысан қыркүйек айында пайдалануға берілді.
Б.Момышұлы ауылындағы тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) полигоны кұрылысына 177 000,0 мың теңге бөлініп, Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырыс беруімен «Шағын Ойл-7» ЖШС арқылы монтаж жұмыстары сәуір айында басталып, қыркүйек айында нысан толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Б.Момышұлы ауылындағы сметалық құны 288 365,0 мың теңгені құрайтын аудандық сот ғимараты құрылысы Жамбыл облыстық сотының тапсырыс беруімен «Мелиоратор» ЖШС арқылы құрылыс-монтаж жұмыстары сәуір айында басталып, жылдың аяғында пайдалануға қабылданды. Сондай-ақ, Тараз-Жаңатас тас жолынан «Тау самалы» демалыс орталығына дейінгі аралыққа «ЖамбылДорМостстройСервис» ЖШС арқылы жаңа жол құрылысы 179 900,0 мың теңгеге салынып қабылданды.
«Берікқара» демалыс орталығында «Еламан» ЖШС өз қаржысымен көпқабатты қонақ үй ғимаратын салды. Жалпы сомасы — 103 000,0 мың теңге. «Тау самалы» демалыс орталығы өз қаржысымен 72 000,0 мың теңгеге ғимараттарына күрделі жөндеу немесе қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді.
«Нұрлы Солар II» 50 мВт күн электр станциясы нысанына 370 000,0 мың теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. «ИнтерГаз Центральная Азия» АҚ Жуалы ауданы арқылы өтетін аумақта 541 846,0 мың теңгеге ағымды және ішінара күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді.
2016 жылы кезекте тұрған азаматтарды азайту үшін Б.Момышұлы ауылы «Көктөбе» жаңа тұрғын алабын инженерлік жүйемен қамтамасыз етуге арналған жоба сметалық кұжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, қорытындысы 2016 жылдың 28 желтоқсанында алынып, құрылыс монтаждау жұмыстарының жалпы құны 612 071,0 мың теңгені құрады. Бұл өз кезегінде 30 га жер теліміндегі «Көктөбе» жаңа тұрғын алабын электр қуатымен, газбен, автомобиль жолдары және ауыз сумен қамтамасыз ете тұра, кезекте тұрған 170 азаматты жер телімімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жоба бойынша жеке тұрғын үй құрылысын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін облыстық басқармаға бюджеттен қаржы бөлу үшін бірнеше рет сұраныс жасалған. 2018 жылға аталған жобаны іске асыруға 2 млн. теңге қаржы бөлініп, үстіміздегі жылы іске асыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 86,7 га, Б.Момышұлы ауылынан 36,7 га, Көкбастау ауылдық округінен 30 га, Ақсай ауылдық округінен 10 га, Нұрлыкент ауылдық округі 10 га жер телімдерінің жаңа тұрғын алаптарын инженерлік жүйемен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде «Лидер Проект Дизайн» ЖШС 4760,0 мың теңгеге жобалау жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік сараптамадан өтті. 2019 жылға электр жүйесімен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен қаржы бөлуге тапсырыс жасалды.
— Алдағы уақытта қандай жұмыстарды атқаруды жоспарлап отырсыз?
— Төмендегі нысандар бойынша жоба сметалық құжаттамалар жасалып, кешенді сараптамада қаралуда. Атап айтсақ, Қызыларық ауылдық округіндегі 80 орындық Алатау мектебінің құрылысын салу нысаны бойынша жоба-сметалық құжаттамасы дайындалып, жарияланған конкурс нәтижесінде «Лидер Проект Дизайн» ЖШС ұтып алды. Сонымен қатар, Ақсай ауылдық округіндегі 300 орындық Дихан орта мектебінің құрылысын жарияланған конкурс нәтижесінде аталған серіктестік жұмыс атқаратын болады.
Шақпақата, Көлтоған, Күреңбел ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ету нысандары бойынша жасалған жоба-сметалық құжаттамалардың мерзімінің өтуіне байланысты кайта есептеу арқылы түзетуге мемлекеттік сатып алу конкурсына беріліп, аталған нысандар бойынша «ГорСтройДизайн» ЖШС жеңімпаз болып табылды. Жобалау жұмыстары аяқталып, сараптамада қаралуда.
Сондай-ақ, Қошқарата және Қарасаз ауылдарын сумен қамтамасыз ету жүйесінің құрылысына жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптаманың қаралуында.
Қоңыртөбе ауылындағы Д. Пахомов мектебіне қосымша спортзал құрылысы жоба-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары «Аркон» ЖШС арқылы келісімшарт жасалып, сараптама порталына ашық конкурс жарияланды. Сонымен бірге, Қарабастау ауылындағы Қ. Қошмамбетов мектебіне қосымша спортзал құрылысы 195 079,0 мың теңге «Экспертиза ПРО» ЖШС арқылы сараптама жасалуда.
Жоғарыда аталған нысандар сараптама қорытындысы алынған күннен бастап бюджеттік өтінім жасалу арқылы іске асыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметовтің ауданға келген жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында «Қаралма» таулы-сауықтыру нысанын инфрақұрылыммен жабдықтау, оның ішінде су, жол, газ және электр жүйесімен қамтамасыз ету жобасы да жоспарланып отыр.