Айта кетейік, ауданда 1 Жаңатас мемлекеттік көпсалалы колледжі, 2 кәсіптік-техникалық лицейі, 27 жалпы білім беретін мектеп, 1 мектеп-интернат, 1 кешкі орта мектеп, 1 мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, балалар өнер мектебі, балалар саз мектебі, балалар-жасөспірімдер орталығы, 6 бала-бақшалар мен 7 шағын орталықтар және аула клубтары өскелең жас ұрпақ шәкірттерге білім, өнер және дене тәрбиесі салалары бойынша дәрістер берумен айналысуда. Аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына арналған Байқадам орта мектебі жанынан ашылған мектеп-интернаты жұмыс жасайды. Аудан аумағында қазіргі таңда 2 мәдениет үйі, 19 ауылдық клуб, 26 кітапхана, 1 жылжымалы автоклуб халыққа мәдени рухани тұрғыда қызмет көрсетуде.
Ауданда тәуелсіздік жылдарында халықтың жаңа әлеуметтік тобы – кәсіпкерлердің үлкен шоғыры қалыптасты. Орта және шағын кәсіпкерліктің дамуы экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып, әлеуметтік-экономикалық өрлеуге өзіндік үлесін қосуда. Ауданымыздың бірден-бір өндірістік саласы «Казфосфат» тау-кен өңдеу кешені бүгінде өндіріс көлемін қарқындатып, даму үстінде. Жаңа жұмыс орындары ашылуда. Фосфор өндірісінің қарқыны бұлыңғыр болашақтан жарқын келешекке қарай аршынды қадам басуда.
Бір сөзбен айтқанда, Сарысу ауданының тарихы қандай тамыры тереңге бойлаған шежірелі де, сырлы болса болашағы да сондай арайлы шапағын айналасына шашқан нұрлы да, жарқын екендігін атап көрсетуге болады.