Таразда қалалық тамыз кеңесі өтті

0 5

Таразда «Төртінші революция жағдайындағы адами капитал» атты педагогтардың тамыз конференциясы өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.

Конференция барысында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта атқарылатын мәселелер төңірегінде сөз қозғалды.

Атап айтар болсақ, білім ошақтарында білікті мұғалімдер санын көбейту, оқушылардың әлеуметтік жағдайына баса назар аудару міндеті алға қойылды.

Сондай-ақ, биылғы жылы ҰБТ нәтижесі айтарлықтай жақсы.Орташа балл 84,3 құрайды. Республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда қала оқушылары 40 медалді қанжығаға байлады.

Жетістіктер жетерлік, кемшілік те жоқ емес. Соның бірі — білікті мұғалімдер тапшылығы. Қазір қоғам мен өркениет қатар дамыған заманда  білімділер көш бастайды. Бұл тұста әрине ұстаздардың білім деңгейі жоғары талаптарға сай болуы  тиіс. Осыған орай, кеңес барысында бірқатар тың ұсыныстар қаралды. Балғындарға сапалы білім беріп қана қоймай, әлеуметтік жағдайын жақсартуға да ден қою міндетті. Биыл Таразда 33 балабақша ел игілігіне берілмек.

Жалпы негізгі қағида бойынша да, атқарушы билік үшін де білім беру үдерісі үш сатыға бөлінетінін, ал оның әрбір кезеңінде басқару ісін дұрыс үйлестірмейінше нәтижеге жету мүмкін емес екенін ескерткен облыс әкімі Асқар Мырзахметов мектепке дейінгі тәрбие және білімнің қолжетімділігін арттыру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуды ұсынды.

– Облыста жекеменшік балабақша үлесі 25 пайызды құрап отыр. 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 91 пайыздан асты (2017 жылы – 90,2%). Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 98 пайызға жеткізу үшін 33 мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарда тұр. Оның 22-і жекеменшік балабақша. Көрсеткіш жақсы, бірақ мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі аудандарда әртүрлі – 79-дан – 99 пайызға дейін. Ал балабақша кезегінде 1 мен 6 жаста 34 мыңнан астам бала тұр. Сол себепті бюджеттің мүмкіншілігін ескере отырып, қаржыны алдымен көрсеткіштері төмен аудандарға беруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ биылғы оқу жылындағы жаңалық Тараз қаласында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына балаларды қабылдау және жолдама берудің автоматты жүйесі енгізілуде. Электронды формат балабақшаға жолдаманы мобильдік құрылғылар арқылы алуға мүмкіндік береді. Бұл кезектің жылжуын тездетеді әрі ашықтықты қамтамасыз етеді.Аталған жүйені алдағы жылы Қаратау, Жаңатас, Шу қалаларында да енгізуді жоспарлап отырмыз, – дей келе облыстағы үш ауысымды және апатты жағдайдағы, оқушы орнының тапшылығы бар мектептер жайына тоқталды.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауылдық жерлерде физика-математика бағытындағы сыныптар ашу, сондай-ақ, балалардың тәрбиесімен айналысатын ата-аналар бөлмесін құру мәселесі қаралды.

Жиын соңында ұстаздар қауымы қала әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.