Сарысу ауданында бүгінде барлығы 900 педагог жаңартылған білім мазмұны бойынша біліктілігін арттыру курсынан өтті (27 мектеп директоры, 90 мектеп директорының орынбасары, мектеп тренерлігі бойынша – 86 педагог, 697 пән мұғалімі).
Өткен оқу жылында 605 педагог (47,7 %) жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ берді (біліктілігін арттыру курсынан өткені — 418). Сол мұғалімдердің жалақысы 30%-ға көтеріліп, қаңтар айынан бастап төленсе, биылғы оқу жылында жобамен 871 (68,7%) мұғалімге төленетін болады.
Сонымен қатар, аудан бойынша «Назарбаев зияткерлік мектептері» білім беру бағдарламасы бойынша 3 деңгейлік біліктілігін арттыру курсынан 220 педагог (І — деңгей -62 , ІІ – деңгей-37, ІІІ – деңгей-121 ), қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстарынан 300 педагог өтті.
Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібінен өткен 76 мұғалімге біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50%-ға дейін категорияларына сәйкес қосымша үстемақы төленеді. Аттестаттаудан өтпеген мұғалімдер осы ағымдағы жылғы қараша айында қайта тапсыра алады.
Айта кетейік, ауданда 1 Жаңатас мемлекеттік көпсалалы колледжі, 2 кәсіптік-техникалық лицейі, 28 жалпы білім беретін мектеп, 1 интернат, 1 кешкі орта мектеп, 1 мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, 3 балалар өнер мектебі, 3 балалар саз мектебі, 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 1 балалар-жасөспірімдер орталығы, 7 балабақша және 6 аула клубтары өскелең жас ұрпақ шәкірттерге білім, өнер және дене тәрбиесі салалары бойынша дәрістер берумен айналысады. Аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына арналған Байқадам орта мектебі жанынан ашылған интернатта 52 бала тәрбиеленуде.