«Әулиеатаның киелі жерлері» атты жинақ дайындалып, 3 (қазақ, орыс, ағылшын) тілде баспадан шығарылатын болады. Бұл туралы бүгін Таразда «Достық» үйінде өткен «Киелі Қазақстан: Тараз – тарих айнасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі.
Аталмыш кітап оқырмандары өңірімізде орналасқан қасиетті нысандарға байланысты сан түрлі аңыз әңгімелермен танысып қана қоймай оның шығу тарихына қанығады.
Сондай-ақ, тарихи деректерді шынайылықпен саралап, оны зерттеуші ғалымдардың аталмыш бағыттағы көзқарастары туралы толыққанды мәліметтер алады. Ең негізгісі өскелең ұрпақтың өлкесіне деген сүйіспеншілігі артып, алдағы жылдары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ықпал ететін болады деп күтілуде.
Алдағы жылдары «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасына енгізілген тарихи нысандарға археологиялық ғылыми-зерттеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде аймақ көлемінде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштердің танымалдығы артып, картаға енген ескерткіштер туристік нысан ретінде қалыптасуына мүмкіндік туындайды. Сонымен бірге, көпшілікке қол жетімді Әулиеатаның киелі жерлерінің виртуалды (кез келген интернет браузердің көмегімен, ешқандай қосымша бағдарламаны жүктемей-ақ, облыстың киелі жерлерін онлайын көре алу мүмкіндігі бар) картасы әзірленуде. Цифрлы мәліметтер өз кезегінде оны қолданушыларға онлайн түрде қолжетімді болып оны көшіріп алуға, сканерлеуге және т.б керегінше қолдануға мүмкіндік береді. Бұл арқылы облысымыздың тарихи-мәдени ескерткіштерінің танымалдылығы артады.
Жасақталған жұмысшы топқа жергілікті атқарушы органдардың өкілдері (архитектура, жер қатынастары және т.б) де тартылып отыр. Жұмысшы топ өз кезегінде облыс көлемінде ғылыми экспедиция ұйымдастырып, тарихи-мәдени ескерткіштерге, оның ішінде халық арасында кеңінен танымал киелі орындарға жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Экспедиция барысында ғалымдардан құрылған топ киелі деп танылған ескерткіштерге қажеттілігіне қарай археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Яғни ескерткіштің аумағы мен хронологиялық мерзімі анықталып, олардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары, архивтік құжаттары және аңыз-әңгімелері жинақталып, цифрлы нұсқасы әзірленеді.