Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 3 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш тіркеуге алынған. Оның ішінде 711-жергілікті, 25-республикалық, 5-халықаралық, қалғаны алдын ала тізімге алынып отыр. Бұл туралы бүгін Тараз қаласы «Достық» үйінде өткен «Киелі Қазақстан: Тараз – тарих айнасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі.
ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени Мұра» тізбесіне Жамбыл облысы аумағындағы Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан Ақтөбе, Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары мен Ақыртас сарай кешені енгізілген.
Сондай-ақ, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрған ұлттық сарапшылар кеңесі Жамбыл облысынан «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» тізіміне 8 жалпыұлттық және 27 өңірлік деңгейдегі тарихи-мәдени нысандарды «қасиетті жерлер» тізіміне енгізді.
Айта кетейік, Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде Мәдениет және спорт министрлігімен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің картасын жасау» жобасын бекіткен болатын. Бүгінде елімізде осы мақсатта киелі жерлерінің тізімі жинақталуда. Ал біздің өңірде облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жетекшілігімен жұмысшы топ құрылып, комиссия шешімімен аталған жоба тізіміне енгізу үшін ескерткіштердің ерекшелігі мен құндылығына қарай 33 тарихи-мәдени нысан ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» орталығына жолданыпты. Сөйтіп, ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы аймақтан ұсынылған 8 тарихи-мәдени ескерткішті іріктеп алып, «Қазақстанның 100 киелі нысаны» тізіміне енгізген. Атап айтқанда, сәулет ескерткіштерінің ерекше туындылары болып табылатын Тектұрмас, Қарахан кесенелері, Айша бибі, Бабажы Хатын мазарлары, Байзақ Мәмбетұлының кесенесі, сондай-ақ археологиялық ескерткіштерден Ақыртас сарай-кешені, Ежелгі Тараз қалашығы мен Меркі-Жайсан ғұрыптық кешендері.
Тағы бір жаңалық. Алдағы уақытта «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» іріктелген нысандардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары, архивтік құжаттары және аңыз әңгімелері жинақталып, «Әулиеатаның киелі жерлері» атты арнайы сайт ашылады. Сондай-ақ, виртуалды онлайн-карта жасалады. Жобаны жүзеге асыру үшін Жамбыл облысының аумағында орналасқан ескерткіштерді саралауға еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттарының, Ұлттық университеттері мен жергілікті ЖОО-лардың тарихшы, этнограф, өлкетанушы ғалымдарынан сарапшылар кеңесі мен жұмысшы тобы құрылған.Сондай-ақ экспедиция барысында ғалымдардан құрылған топ киелі деп танылған ескерткіштерге қажеттілігіне қарай археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады.Басқарма басшысының айтуынша, ашылуы жоспарланған сайттың негізгі мақсаты — цифрлық ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, киелі жерлер жайлы ақпаратқа ғаламтор желісі арқылы қолжетімділікті қамтамасыз ету. Сайт үш тілде ақпарат таратады деп күтілуде.