Сенаторлар Сағынтаевқа Жамбыл облысының өзекті мәселелері жөнінде депутаттық сауал жолдады

0 3

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Абдалы Нұралиев пен Мұратбай Жолдасбаев ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа Жамбыл облысының өзекті мәселелерін шешуде ықпал етуін сұрап, депутаттық сауал жолдады. Сенаторлардың депутаттық сауалы осы жылдың тамыз айында аймақтарда болған іс сапары барысында, жергілікті тұрғындар көтерген өзекті мәселелерге байланысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі BNews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Жамбыл облысында пайдаланатын ағын су ресурстарының 80 пайызы көршілес Қырғыз Республикасының аумағынан басталып, транс­шекаралық өзендер арқылы берілетіні белгілі. Соңғы жылдары Қырғыз Республикасының «Кировское» су қоймасынан Жамбыл облысы «Талас» өзеніне құятын су көлемі, әлдебір уақыттары келісімсіз, белгіленген мөлшерден көп жіберілуі салдарынан 25,022 км арақашықтықта өзен арнасы едәуір шайылып, жақын маңдағы елді мекендерге су жайылу қаупі туындауда», — делінген жолданған депутаттық сауалда.

Абдалы Нұралиев берген мәліметке сәйкес, аталған өзен жағалауында төтенше жағдайдың орын алуына жол бермеуді қажет ететін ірі елді мекендер – Жасөркен, Қызылқайнар Жамбыл ауданында, Талас, Казпоселок, Сарыкемер, Түймекент Байзақ ауданында, Тектұрмас, сондай-ақ Тараз қаласында орналасқан «Дачный массив». Қатерлі аймақта автомобиль жолдары, электр жүйелері және газ тасымалдау қондырғылары бар. Өкінішке қарай, 2016 жылғы 15 маусымда Кировское су қоймасынан Талас өзеніне құятын су көлемінің артуына байланысты Жамбыл ауданының Қызылқайнар, Жасөркен ауылдарына газ тасымалдайтын жоғары қысымды құбырдың (диаметрі 219 мм) тірегі шайылып, істен шыққан болатын. Соның салдарынан 720 үй-абоненттер отынсыз қалған.

Мұратбай Жолдасбаевтың сөзінше, жергілікті атқарушы органдар тарапынан, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Жамбыл облысында Тараз қаласының және Жамбыл, Байзақ аудандарындағы Талас өзені арнасы бойындағы жағалауды бекіту жұмыстары бойынша» жобалау сметалық құжаттары әзірленіп, 2017 жылғы 1 шілдеде мемлекеттік сараптаманың №19-0213/17 оң қорытындысы алынған. Сметалық құжат құны – 3 477 257 мың теңге. 2018 жылы жергілікті бюджеттен 10 млн теңге көлемінде қосымша қаржыландыру есебінен жағалауды бекіту жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қаржыландыруды қажет етеді.

«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында жоғарыда аталған Жамбыл облысының әлеуметтік маңызды жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 2019 жылға қаржы бөлінуге ықпал етуіңізді сұраймыз», — деп түйіндеді Сенат депутаттары.

Бюджеттік өтінім және қажетті құжаттар мен МС көшірмесі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.