Жамбыл облысының 97,43% тұрғыны мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Сұлушаш Сәтбекқызының айтуынша, облыс тұрғындарының тілдік ахуалына 2017 жылдың соңында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесі – 97,43%-ды құрады. Ал 2018 жылғы көрсеткіш жыл соңында жүргізілетін әлеуметтік зерттеу бойынша анықталатын болады.
Ағымдағы жылдың 8 айында Тілдерді оқыту орталығы арқылы 1121 тыңдаушы қазақ тілін тегін оқу курсына қамтылды. Оның 47% (524) – өзге ұлт өкілдері. Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын «Қазтест» жүйесі бойынша үстіміздегі жылы сәуір айында 2037 қызметкер тестілеуден өтті. Оның 419 – мемлекеттік қызметшілер, 1618 – мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлер. Оның 24,1% (492) – өзге ұлт өкілдері.
Сондай-ақ, алдағы уақытта 24-28 қыркүйек аралығында «Қазтест» жүйесі бойынша 305 мемлекеттік қызметші тестілеуден өтеді.
Облыс бойынша 232 мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 8 21 296,6 мың теңге бөлінген. Оның ішінде 62 әлеуметтік жоба – тіл саясатын іске асыруға, мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына бағытталған және мемлекеттік тілде ұйымдастырылған. Оған бөлінген қаржы – 85 128,7 мың теңге, яғни бөлінген қаржының 10,4%-ы.
Өткен жылы әлеуметтік жоба арқылы этнос өкілдеріне мемлекеттік тілмен қатар, неміс, қытай, түрік, кәріс тілдерін ана тілі ретінде оқытуға мүмкіндік жасалса, биылғы жылы Тілдерді оқыту орталығы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен 22 этномәдени бірлестіктер арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандум жасалды.
Меморандум аясында үстіміздегі жылдың 8 айында қазақ тілін үйренуге ниет білдірген 524 этнос өкілдері қазақ тілін тегін үйренуде.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз», – деген болатын.