ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Гаухар Бисарина ел аумағындағы менингит ауруына қатысты түсінік берді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
— Менингококк бойынша еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жыл басынан бері 83 оқиға нақтыланды. Олардың басым бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысында. Сонымен бірге 12 маусымнан бері Алматыда, ал 30 шілдеден Алматы облысында бірде бір оқиға тіркелмеді, — деп тоқталды Г. Бисарина.
Оның сөзіне қарағанда, қыркүйекте іріңді менингит Алматы облысындағы үш оқушыда байқалды. Сонымен қатар, менингит күдігімен екі жағдай Солтүстік Қазақстан облысында және тағы екеуі Ақтөбеде болды. Яғни Ақтөбеде біреуі нақтыланса, екіншісінде анықталмады. СҚО-да екі жағдай да расталмады. Көз жұмған студентке стрептококк және пневмококк диагнозы қойылды.
Сонымен қатар ол кеше Ақтауда менингококк инфекциясы күдігімен әскери бөлімнен 1997 жылғы науқас жеткізілгенін айтты. Сарбаздың жағдайы ауыр. Белгілі болғандай, ол медициналық бөлімде емделген. Науқасқа қатысты зертханалық мәліметтер қаралып жатыр. Онымен байланыста болған 335 адамға қатысты зерттеу шаралары жүргізілуде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Маңғыстау облысында №6656 әскери бөлімшесінің сарбазы ауруханаға ауыр халде жеткізілгені мәлім болды. Қазір ол жұқпалы аурулар орталығының жансақтау бөлімінде жатыр.