Әлеуметтік желідегі жұмыс жолға қойылды — Берік Құрманғали

0 5

Баспасөз қызметіне жауапты мамандардың біліктілігін арттырып, облыс әкімдігінің басқармалары, Тараз қаласы жəне аудан әкімдіктерінің интернет желісіндегі ақпараттық жұмыстарын жандандыру жұмыстары жалғасатын болады. Бұл туралы ӨКҚ өткен брифингте ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәлиұлы баяндады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» Ақпараттық агенттігі.

Бұл жұмыстар облыс әкімінің «Интернет кеңістігінде ақпараттық жұмысты жүргізу туралы» №142 өкімімен Ішкі саясат басқармасына жүктелген болатын. Осыған байланысты Ішкі саясат басқармасының бастамасымен барлық аудандар мен Тараз қаласында «Ақпарат кеңістігінде жұмыс істеудің жүйесі» атты көшпелі оқу-семинары өткізілді. Арнайы түсіндіретін, үйрететін топ құрылып, барлық мекеменің ақпаратты тарату жұмысын кəсіби деңгейге көтеру үшін арнайы семинарлар ұйымдастырылды:

— 10 аудан мен Тараз қаласы әкімдігінің фейсбук және инстаграм әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары ашылды;

— жан-жақты ақпарат таратуды (фото, видео, анонс, релиз) бастады;

— баспасөз қызметіне жауапты мамандар оқырманмен кері байланыс орнатып, олардың сұрақтарына жауап беруді енгізді;

— Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқыту семинар-тренинг жұмыстары жүргізілуде.

Баспасөз қызметін жүйелеу жұмыстары да басқарма тарапынан қолға алынды. ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына сәйкес, барлық мемлекеттік мекемелерде, яғни облыс әкімдігінің басқармалары, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінде баспасөзге жауапты мамандар бөлінді. Баспасөз хатшылары бұрын мемлекеттік мекемелердің кейбірінде ғана бар болатын. Олардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бірқатар семинар-тренингтер ұйымдастырылып, жоғарғы деңгейдегі білікті мамандар дәріс беруде. 17- тамызда Меркі ауданы, «Тұран» демалыс аймағында облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің 70-ке жуық баспасөз хатшылары мен журналистеріне, блогерлеріне арналған «Ақпарат ағыны және біз» тақырыбында 1 күндік семинар-тренинг өтті. Онда «Мінбер» журналистерді қолдау орталығындағы жаңа медианы және дата журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі, медиатренер Асхат Еркімбай және республикалық «El.kz» интернет жобасының жетекшісі, медиатренер Бэлла Орынбетова ақпарат таратудағы сауаттылық, бүгінгі журналистиканың талаптары, ақпаратты тексеру (фактчекинг) сияқты тақырыптарда дәріс оқыды.

24-тамызда «Баспасөз қызметі мен БАҚ арасындағы байланыстың тиімді жолдары» атты семинар-тренинг өткізілді. Аталған шарада «Баспасөз қызметкерінің жауапкершілігі», «Мекеме жаңалықтарын ұйымдастырудағы баспасөз қызметінің рөлі» және т.б. тақырыптарда медиатренер, «Ақпарат саласының үздігі», республикалық «Нұр сұңқар» байқауының «ең үздік блогер» аталымының жеңімпазы Өркен Кенжебек және саясаттанушы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, 2017 жылы БҚО әкімі аппаратының баспасөз-хатшысы қызметін атқарған Жарқын Түсіпбекұлы дәріс оқыды. Семинарға 40-қа жуық Жамбыл облысының баспасөз саласына жауапты мамандары қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.