Таразда болған жантүршігерлік жол апатынан қоныс колониясының басшысы мен жүргізушісі қаза тапты. Тағы бес адам ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Қайғылы жағдай кеше таңғы 8-дер шамасында болған. Мерседес пен Киа бетпе-бет соғылып, қызметтік машинадағы түрме басшысы мен жүргізушісі сол жерде тіл тартпай кеткен. Салонда болған түзеу мекемесінің төрт қызметкері де түрлі дене жарақатымен емдеу мекемесінде жатыр. Ал, Мерседесті тақымдаған 41 жастағы жүргізушісінің жағдайы өте ауыр. Оның бауырына қатты зақым келген. Жол апатына да осы азамат себепкер болуы мүмкін. Өйткені ол мінген жүйіткіген көліктің капоты ашылып, алдын жауып қалған. Сондықтан машина қарсы бетке шығып кетіп, Киаға соғылған.
Сәкен Жұмашев, №1 аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
-Жарақатпен бес науқас түсті оның біреуі әйел. Ер кісілердің ішіндегі біреуі өте ауыр халде. Бауыр жарақатын алған. Жарақаты тігіліп қазір жағдайы бір қалыпты.
Дереккөз: КТК арнасы