Таразда қарызын уақтылы төлемеген тұрғындар көгілдір отынсыз қалуда. Бүгінде өңірдегі он бір мың абоненттің қарыз сомасы – 72 миллион теңгеге жеткен. Оның ішінде, 2354 абонент 3 айдан астам уақыт төлем жасамай келеді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Көгілдір отынды пайдаланатын кейбір шаһар тұрғындары «судың да сұрауы барын» ескермей, әр айдың соңында өздері қолданған табиғи отынның ақысын төлеуді естен шығарып алады. Осы орайда, бүгін сала мамандарымен бірлесіп, қаладағы бірнеше әкімшілік аумағын аралады.
Берешек сомасын төлемеген тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әуелі, «Көктем» алқабындағы үйлерге бас сұққан олар борышкер азаматтарды тыңдады. Олар жылыту маусымы басталғанға дейін төлем жасауды ұйғарған көрінеді. Десе де, екі күннің бірінде мұндай сөздерді жиі еститін мамандар бұл аймақтағы екі шаңырақты көгілдір отыннан ажыратты.
Нұрдәулет МҰСАБЕКОВ, Тараз қалалық әкімдігі ақпарат орталығы директорының орынбасары:
— Тұтынушы мен газ жеткізушісі арасындағы ашық келісім бойынша тұтынушы тұтынылған газды 25-ші қазанға дейін төлеуге міндетті. ҚазТрансГазАймақ мекемесінде үлкен сомада қарыз жинақталған. Өңірде 11 мың тұтынушының 72 млн тг көлемінде қарызы бар. Жамбылдықтарды қолданылған газ отынының қарызын төлеуге шақырамыз.
Дереккөз: Jambyl tv