Жамбыл облысы Байзақ ауданының әлеуметтік-экономикалық саласында тың өзгерістер байқалады. Соның бірі, өндіріс кәсіпорындары. Осы орайда, «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшілері ауданға арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайтты.
Байзақ ауданында орналасқан «Әулие-Ата Феникс» құс фабрикасы өнім көлемін арттыруда. Бастапты жылдары кәсіпорын 4 тоннаға дейін таза, сапалы тауық етін өндірсе, қазір сұраныстың жоғарылауына байланысты өнім көлемі ұлғайған, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшісі.
«Әулие-Ата Феникс» құс фабрикасы осыдан екі жыл бұрын ашылған. Жобаның жалпы құны 2 млрд теңге. Оның 547 миллион теңгесі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында алынып, нысанға коммуникациялық жүйелердің кеңейтілген желісі жүргізілген.
— Кәсіпорын соңғы заманауи технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Инкубатордан бастап таза өнімге дейін арнайы тексерістен өтіп, сапа стандарты қатаң сақталады. Сондықтан да жылдан жылға өнімдерімізге де сұраныс артып келеді, — дейді құс фабрикасы директорының орынбасары Хамит Шекербеков.
Құс фабрикасында 16 тауық базасы бар. Ал балапандар арнайы инкубаторда аштырылады. Қатаң күтімнің нәтижесінде, 40 күнде 2 келіден аса салмақ жинайды. Одан соң сою-дайындау цехында сойылып, тазаланады. Мұнда голландия технологиясы, заманауи өндіріс. Халал стандартына сай өнімнің — сапасы жоғары. Сондықтан, сұраныс та жақсы.
Аталмыш фабрика жергілікті нарыққа жылына 8 мың тоннаға дейін құс етін шығаруға қауқарлы. Өндіріс орнының іске қосылғаны алдымен ауыл тұрғындары еңбекке тартылды. Мұнда бүгінде 150-ге жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.
— Бастапқыда Ресейге экспортқа шығарғанбыз. Қазір Қытай мен Вьетнам мемлекеттерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Өзіміздің Тараз қаласының дүкендерімен келісім шарттарымыз бар. Арнайы дүңгіршектерді халықтың сұранысымен аштық,- дейді құс фабрикасының директоры Фарида Жүнісова.
«Әулие-Ата Феникс» ЖШС директоры Фарида Жүнісованың айтуынша, кәсіпорын «Халал» стандарты бойынша жоғары сапалы ет шығарады. Бастапқы қезеңде 4 мың тоннаға дейін бройлер етін шығарса, бүгінгі таңда ол 6 тоннаға жеткен. Сапалы өніммен өзіміздің өңірмен қоса еліміздің басқа қалалары, көршілес мемлекеттерді де қамту жоспарда бар.
Сондай-ақ, өңірде көкөніс өсірудің тың технологиясын қолдана бастаған.
Байзақ ауданы Дихан ауылдық округінде орналасқан «Талап» шаруа қожалығы қияр мен қызанақ өсірудің голландиялық әдісін қолдана бастады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшісі.
Аталған қожалықтың басшысы — Мауыт Фазулов. Диханшы өз кәсібін көпжылдық шөп өсіруден бастаған. Одан соң картоп пен дәнді дақыл тіпті күнбағыс та еккен. Осыдан 20 жыл бұрын тәтті түбір егуге ден қойған болатын. Нәтижесінде, қызылша алқабының көлемі екі мың гектарға жуықтапты. Ал соңғы екі-үш жылда көкөніс өсіруді қолға алдым, ізденістің арқасында табысым да артып келеді дейді Ол:
— Жасым алпысқа таянды. Бақытымды еңбектен таптым. Бастапқыда шөп ектім, бертін келе қызылша өсіріп, пайда таптым. Соңғы жылдары алқапқа суармалы технологияны енгізіп, гектарына 500 центнерден қызылша жинадым. 2012 жылдан бастап көкөніс өсіруге ниеттендім. Екі жыл болды қияр мен қызанақ егуге ден қойдым. Қазір 0,5 гектар жерге қызанақтың түрлі сорттарын өсіріп тәжірибе жүргізіп келемін.
Бүгінгі таңда шаруа қожалығының көкөніс өсіретін алқабы мен екі жарым гектар жерге орналастырылған жылыжайы да бар. 255 млн теңгеге салынған жылыжайдан маусымында 450-500 тоннаға дейін өнім жиналады. Биыл мұнда голандиялық тәсілмен қияр мен қызанақ өсіру қолға алынды.
Жалпы, Байзақ ауданында биыл 1890 гектар алқапқа қызылша егілген. Қазір жиын терін жұмыстары жүргізілуде. Ал осыған дейін 1600 гектар бақшадан — 45250 тонна өнім жиналған.
«Байзақ ауданында соңғы жылдары ағын судың тапшылығы байқалады. Дегенмен шаруа қожалықтары жаңа технологиялар енгізу жұмыстарын қарқынды қолға алуда. Мәселен, ауданның агроқұрылымдары тамшылатып суғару технологиясын 2014 жылы — 95 гектарға, 2015 жылы — 193 гектарға, 2016 жылы — 400 гектарға енгізсе, ал 2017 жылы — 702,5 гектар алқапқа енгізіп (175,6%), шаруашылықтардан барлығы 354,84 млн. теңге инвестиция тартылды, — деп мәлімдеді аудан әкімінің орынбасары Дулат Абенов.
Сонымен бірге, бүгінде ауданда тәулігіне 2,5 тонна сүт өңдейтін сүт цехы жұмыс жасауда.
Байзақ ауданы Талас ауылында орналасқан «Талас» сүт цехы тәулігіне 2,5 тонна сүт өңдей бастады. Сондай-ақ, мұнда табиғи таза сүттен бастап, ірімшік, құрт пен майдың түр түрі шығарылады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшісі.
«Талас» сүт цехы «Ағали» шаруа қожалығына тиесілі. Қазір мұнда алпысқа жуық адам еңбек етеді. Басым бөлігі ауыл тұрғындары. Жалақылары 60-70 мың теңге көлемінде.
— Мал бағу ертеден келе жатқан ата кәсібіміз. Бастапқыда үй жанынан қосалқы шаруашылық ашып, 30-40 бас мүйізді ірі қара асырадым. Бертін келе шикізатты өңдеу туралы ойладым. Қазіргі таңда шикізатты өңдеп сатудан қомақты пайда табуға болады. Нәтижесінде, сүт өңдеу цехын салдым, — дейді қожалық басшысы Нәби Ағалиев.
Сүт өңдеу цехын ашу үшін кәсіпкер өз қаражатын салумен қатар, мемлекеттің қолдауының арқасында несиеге де қол жеткізіпті. Жобаның қуаттылығы тәулігіне 10 тонна. Құрылғылардың барлығы ресейлік «Сельхоз лидер» компаниясынан алынған. Заманауи құрылғы шикізатты баятан аяқ өңдеп шығарады. Мұнда қазір өнімнің 40-жуық түрі дайындалады.
— Дайын өнімді Тараз қаласы мен аудандардағы дүкендер мен сауда орындарына өткереміз. Сапасы жоғары, сұраныс та күн сайын артып келеді. Сондай-ақ, балабақшалар мен ауруханаларға да апарамыз. Айран, қатық, май, құрт пен ірімшік, тіпті сырдың да бірнеше түрі бар. Шикізатты арнайы зертханадан өткізіп үнемі бақылап отырамыз, — дейді Замзагүл Айтбаева.
«Ағали» шаруа қожалығында 500 гектар суармалы жер бар. 430 бас мүйізді ірі қараның тең жартысы аналық бас. Цехқа қажетті сүт арнайы сауын алаңдарында жиналады. Сонымен қатар, жақын ауылдарға 6 бірдей танкир орнатылған. Ауыл тұрғындары жаз мезгілінде 80 теңгеден, қыс мерзімінде 100-120 теңгеден өткереді.
— Елбасы әр Жолдауында өзімізді-өзіміз тамақпен, киіммен қамту керектігін, шикізатты өңдеуге ден қою керектігін айтып келеді. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекеттен де жыл сайын ауылшаруашылығын қолдауға қыруар қаржы бөлініп келеді. Болашақта бұдан да үлкен жобаларды жүзеге асырсақ деймін. Тағы бір айта кетерлігі облыс әкімі кооперативтерге аса мән беріп жүр. Қазір ауылдағы майда шаруашылықтарды біріктіріп сүт бағытында жүмыс істеп жатырмыз, нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер, — деді Наби Әбдірешұлы.
Жалпы, Байзақ ауданында қазіргі таңда өндіріс деңгейі күннен күнге ұлғаю үстінде. Нәтижесінде, аудан тұрғындары жергілікті өнімді тұтынуда.