Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқару кеңесінің бас директоры Бақтияр Қрықпышев және «Қазақмыс барлау» ЖШС бас директоры Ғалым Нұржановпен кездесті, — деп хабарлайды «ZhambylNews»Ақпараттық Агенттігі.
Айта кету керек, аталмыш корпорациясының өңіріміздегі Кендіктас тауының сол жақ шетінде Шатыркөл кен орны бар. Шу ауданында орналасқан мыс өндіру базасы «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігінің бөлімшесі болып есептелінеді. Бұл кен орны бойынша екі жақты жасалған келісімшарт 2025 жылға дейін жарамды.
Айта кетейік, Шатыркөл кен орнынан өткен жылы өңір бюджетіне қоршаған ортаға эмиссия, жерді пайдалану, мүлік және өзге де төлем-салықтары есебінен облыс бюджетіне 183 миллион теңге түскен. Ағымдағы жылғы түсім бұл көрсеткіштен кем болмайды деп күтілуде. Әйтсе де, өндіріс базасы Орталық Қазақстан облысындағы «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігіне қарайтындықтан, жеке табыс, әлеуметтік және өзге де бірқатар түсімдер басқа облыстың қазына қазаның толтыруда.
Кездесу барысында Бақтияр Әбдірахманұлы Шатыркөл кен орны аумағынан келісім шарт бойынша жер қорын пайдалану үшін 26 гектар жер мәселесін шешіп беруді сұрады. Өз кезегінде Асқар Исабекұлы корпорация сұранысын қанағаттандыруға қарсы еместігін айтып, бірақ бірқатар талаптардың да жоқ еместігін жеткізді.
Өңір басшысы жыл басынан бері облыс бюджетін толықтыру үшін көптеген игі шаралардың атқарылып жатқандығыy тілге тиек етті. Соның негізгілерінің бірі ретінде – жер қойнауын пайдаланушылардың облысқа тіркеліп, салық түсімдерін жергілікті қазынаға аудару екендігін айты. Шатыркөл кен орнының да корпорацияның бір филиалы ретінде облысқа тіркеп, ондағы жұмыскерлердің жеке табыс салығы, әлеуметтік аударымдары арқылы өңір бюджетін толтыруға ықпал етуді сұрады. Ал, ол мүмкін болмаған жағдайда серіктестік басшысын салық-түсімдерінен бөлек өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тұрақты түрде үлес қосуға шақырды.
Филиал ашуға әзірге қаржы шығындарының тиімсіздігін алға тартқан Б.Қрықпышев екінші ұсынысқа қарсы еместігін білдіріп, корпорация қаржысына келер жылы облыстың 80 жылдық мерейтойына тарту ретінде бір әлеуметтік нысан салып беруге келісті. Өңірдің өркендеуі жолындағы бұл қаржылай қолдау кейінгі жылдары да өз жалғасын табады. Ол үшін арнайы меморандумға қол қойылмақ. Өзге де жұмыс жоспарларымен бөліскен корпорацияның басшылық өкілдері алдағы уақытта да кез-келген жағдайда бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.