Биыл елімізде тәркіленген жалған банкнот сомасы 18 млн теңгеге жуықтаған — сенатор

0 0

Бүгін Сенат отырысында депутат Владимир Волков жалған валюта мәселесін көтерді. Сенатор ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа осыған қатысты сауал жолдады.

Владимир Волков қазақстандық валютаның қорғанысы жоғары және ол қолданылатын технологиялары жағынан инновациялық банкнот саналатынын айтты.

«Қазір Қазақстанда бір миллион банкнотқа 3 жалған ақшадан келеді. Ресейде бұл көрсеткіш – 15, Еуроодақ елдерінде осы арақатынас екі есе көп: миллион банкнотқа 30 жалған ақша. Дегенмен, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, биыл Қазақстанда 7,9 млн теңге сомасына 1451 жалған банкнот және 10 млн теңгеден астам сомаға шетелдік валюта тәркіленген. Жалған ақша бірлігінің көп бөлігі Алматы қаласында (776 немесе 53,4%), Қызылорда облысында (190 немеес 13%), Астана қаласында (134 немесе 9%) және Қарағанды облысында (109 немесе 7,5%) анықталған», — деді Волков.

Депутат жиі жасалатын ұлттық валютаны да атады. Олар 10 000 теңге — 531 дана немесе 36,5%, 2 000 теңге — 527 дана немесе 36,3%, 1 000 теңге — 89 дана немесе 6%, 5 000 теңге — 72 дана немесе 4,9%, 20 000 теңге — 53 дана немесе 3,6%.

Сенатордың айтуынша, қазіргі заманауи технологиялар дамыған кезеңде криминалдық топтар жалған ақша жасауды кәсіби деңгейге жеткізіп, жолға қойып алған. Сондықтан түпнұсқаны жалған валютадан айыру барған сайын қиындап барады. Азаматтардың көбінде ешқандай күдік те туындамайды. Жалған ақша негізінен олардың жасанды екенін анықтайтын құрылғы жоқ жерлер — дүкен, базар және қоғамдық орындарда айналымда жүреді.

«Осыған орай, халықаралық тәжірибе мен жаңа технологиялардың дамуын ескере отырып, аталған құқық бұзушылық түрімен күрес шараларын кеңейту қажет деп есептейміз», — деді Владимир Волков.

Дереккөз: Baq.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.