Облыс әкімдігінде бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі кеңес отырысы өтті

0 10

Ағымдағы жылдың 12 желтоқсан күні облыс әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі кеңес отырысы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аталған жиында облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы мен облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Тұрар Рысқұлов ауданының атқарушы органдарының БАҚ өкілдерімен өзара байланысы қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев сала мамандары өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста екеніне тоқталды.

Бүгінде облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы көңіл толарлық жұмыстар атқаруда. Атқарылған жұмыстарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап жүрміз. Жыл басынан жалпы 54 материал жарияланды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта energy.gov.kz ресми сайты жұмыс жасауда. Ал әлеуметтік желілер арқылы да яғни, инстаграм мен фейсбукта күнделікті жұмыстарымызды бөлісіп отырамыз. Алдағы уақытта да БАҚ өкілдерімен жұмысты одан әрі нығайтатын боламыз, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Бұдан кейін облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы  басшысының орынбасары Сейдахмет Сейіткерімұлы басқарманың атқарған жұмыстарына тоқтала кетіп, БАҚ-та жарияланған мақалаларға шолу жасады. Дегенмен, нәтиже қанағаттанарлық емес. Басқарманың фейсбук әлеуметтік желісінде жыл басынан 87 адам тіркелсе, жарияланған материалдар саны 1-еу ғана. Осы орайда, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли қатаң ескертулер жасап, алдағы уақытта БАҚ-пен байланысты арттыруды тапсырды.

Сонымен қатар, басқосуда Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбек Әшімәліұлы де аудандық «Құлан таңы» газетінің тыныс-тіршілігін тілге тиек етіп, жергілікті атқарушы органдардың республикалық және облыстық басылымдармен жұмыла жұмыс атқарып жатқанын мәлімдеді.

Жиын соңында БАҚ өкілдері де бірқатар мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.