Жуалыда аудандық ақындар айтысы өтті

0 3

Жуалы аудандық халық шығармашылығы мәдени демалыс орталығында аудандық ақындар айтысы болып өтті. Додаға жуалылық барлығы 6 ақын қатысты. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Бұл айтыс, басқаларынан ерек болды. Себебі, дәстүрлі айтыспен қатар, Құлмамбет айтысы да өтті. Құлмамбет айтысы дегеніміз — барлық қатысушылар бір мезгілде ортаға шақырылып, оларға ортақ тақырып беріледі. Осы тақырып аясында бір айтыскер бір шумақ өлеңдетіп бастаса, нағыз суырып салма өнері бар қалған айтыскерлер іліп алып бір-бір шумақтан айтып отыруы қажет. Яғни, «өлеңнің көкпары» деп айтсақ та болады.

Айтыстың қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен І орынды Қанат Мырзаханұлы иеленсе, ІІ орын Дидар Апбасовқа бұйырды. Ал ІІІ орынды Ауесқан Үркімбаев алды. Жеңімпаздар 15 ақпанда өтетін облыстық айтысқа жолдама алды.

Айта кетейік, дәстүрлі түрде өткізілетін «Жамбыл — менің жай атым, халық — менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысына, суырып салма өнері бар айтыскерлерді іріктеу 8 қаңтардан ауылдық округтерден, 14 қаңтардан бастап аудандарда бастау алды. Қуантарлығы 10 аудан мен Тараз қаласын қосқанда қазіргі таңда 86 талант иесі анықталып отыр. Ендігі кезекте әр ауданнан суырылып шыққан айтыскерлер облыстық айтысқа жолдама алуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.