Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында өңір спортының өткен жылғы табысы мен жетістіктері айтылды. Жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Нұрбол Жүнісбеков саладағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Бұл туралы «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасапхабарлайды.
Былтыр өңір спортшылары ресми жарыстарда барлығы 1 547 медаль жеңіп алған. Оның 560-ы алтын, 427-сі күміс, 560-ы қола. Айта кету керек, өткен жылы саңлақтарымыз XVIII – жазғы Азия ойындарында 2 алтын, 16 күміс, 4 қола, барлығы 22 медальға қол жеткізген. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш 2014 жылғы Азия ойындарында 11-ді құраған. Төрт жыл бұрын медаль саны бойынша республика өңірлері арасында облыс төртінші орыннан көрінсе, былтыр үшінші сатыға жоғарылаған. Сондай-ақ, 2017 жылы 203 спортшымыз Ұлттық құрама сапына енсе, былтыр 280-ге жетіпті.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде облыс аумағында барлығы 2 341 спорт нысаны бар десек, оның 1 933-і қолжетімді. Жиын барысында құрылысы сапасыз жүрігізілген спорт алаңшаларының алаңдатарлық жай-күйі талқыға түсті.
Асқар Исабекұлы, тұрғындар үшін спорт нысандарының қолжетімділігін арттырудың тиімді тұстарын қарастыру керектігін баса айтты. Ол үшін спорт кешендері жоқ ауылдардағы орта мектеп спортзалдарын оқушылардан бос кезінде тұрғындар игілігіне пайдалануды тапсырды. Алдағы уақытта соғылар жаңа білім нысандарының құрылысын жобалауда осыны ескеруді, тиісінше, қажетті құрал-жабдықтармен қамтуға да көңіл бөлуді жеткізді. Қолданыстағы мектеп спортзалдарын да қажетінше ыңғайластыруға назар аударды.
Өңір басшысы, қолжетімді спорт нысандарын қайта нақтылауды ескертіп, жол картасына еніп, үш жылға жоспарланған қажетті нысандардың құрылыс жұмыстарын тиімді тетіктерін таба отырып екі жылда аяқтауға болатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, футболдан облыстың чемпионатын өткізуді, сол арқылы жас таланттарды анықтауға болатынын айтты.